.

Иықтың адгезивті капсулиті | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Иықтың адгезивті капсулиті

Мазмұны

?Иықтың адгезивті капсулиті дегеніміз не

?Иықтың адгезивті капсулитінің симптомдары қандай

?Иықтың «қатып қалуы» қалай болады

?Иықтың адгезивті капсулитінің пайда болу себептері қандай

?Иықтың адгезивті капсулиті қалай анықталады

?Иықтың адгезивті капсулиті қалай емделеді

Жаттығудың 3 түрі

Дәрігерге қоя алатын сұрақтарыңыз

 

Иықтың адгезивті капсулиті дегеніміз не?

Иықтың  адгезивті  капсулиті  -  адам иығын қандай да бір бағытта ауырсынбай қозғалта алмайтын ауру. Дәрігерлер кейде бұл ауруды «иықтың қатып қалуы» деп атайды, себебі, иықтың буыны бұрылу икемділігін жоғалтады, оны қозғалту қиынға түседі.

 

Иықтың адгезивті капсулитінің симптомдары қандай?

Қалыпты жағдайда иық кез келген бағытта, ауырсынбай қозғалуы тиіс. Иықтың қозғалғыштығын тексеру үшін келесі жаттығуларды жасаңыз:

  • Екі қолыңызды аспанға көтеріңіз
  • Екі қолыңызды алдыңызға созыңыз
  • Қолдарыңызды денеңіздің екі жағына қарай созыңыз
  • Көйлегіңіздің артқы жағын жөндеуге тырысқандай немесе шалбарыңыздың артқы қалтасынан бірдеңе алғандай қимылдаңыз.

 

Иықтың «қатып қалуы» қалай болады?

Адгезивті капсулит кезінде кейде адам иығын толық көлемде қозғалта алмайды. Бұл иықтың жеткіліксіз немесе дұрыс жұмыс істемеуінен болады (қозғалғанда ауырсынатын болғандықтан). Буынның маңайында дәнекер тіні ұлғайып, өсе бастайды, ол буындағы қозғалысты қиындатады. Дәнекер тінінің қалыптасуының бірнеше сатысы бар, ол кезде ауру ушығуы немесе өздігінше сауығу да орын алуы мүмкін.

  1. Ауырсыну сатысы. Алдымен иықта ауырсыну және ширығу пайда болуы сезіледі. Біртіндеп ауырсыну күшейеді. Бұл саты 3-8 ай аралығында созылады.
  2. Адгезивтік саты. Бұл кезде ауырсыну біртіндеп басылады, бірақ буынның қозғалмауы күшейе түседі. Бұл саты, әдетте, 4-6 ай аралығында созылады.
  3. Сауығу сатысы. Қорытынды саты, 1-3 ай аралығында созылады, ол кезде, әдетте, ауырсыну болмайды. Иықты аздап қозғалтудың өзі қиындайды. Біраз уақыттан кейін бұл ширығу біртіндеп өтеді. Қайтадан иық қозғалтуға келеді. Иығыңызды толығымен артқа бұра алмасаңыз да, көптеген істерді өздігіңізше орындай аласыз. Кейде қимылдың көлемі артқан сайын буында ауырсыну пайда болуы мүмкін.

 

Иықтың адгезивті капсулитінің пайда болу себептері қандай?

Адгезивті капсулит иық буынының маңайындағы дәнекер тіні тартылып, қозғалысын шектегенде пайда болады. Бұл көбінесе, мысалы, иықтың бұралу манжетінің зақымы, қолдың сынуы немесе операциядан кейінгі қалпына келу секілді  буынның жарақаттардан кейін қозғалмауының салдарынан пайда болады.

40 жастан асқан адамдарда, әсіресе, әйелдерде иықтың адгезивтік капсулитінің пайда болу қаупі жоғары болады. Қант диабеті секілді кейбір аурулар кезінде қауіп артады. 

 

Иықтың адгезивті капсулиті қалай анықталады?

Дәрігер Сіздегі симптомдардың негізінде және буынның қозғалуының шектелуіне сай Сізде иықтың адгезивті капсулиті бар екендігін анықтайды. Ауырсынудың себебін анықтау үшін дәрігер буынның түрлі бөліктерін басып көреді. Сондай-ақ, басқа мәселелердің болуын анықтау үшін дәрігер Сізге буынның рентгенографиясын немесе магниттік-резонанстық томографиясын (МРТ) өткізуді ұсынуы мүмкін.

 

Иықтың адгезивті капсулиті қалай емделеді?

Дәрігер Сізге буындағы дәнекер тіннің бұзылуына ықпал ететін жаттығулар туралы айтады. Бұл жаттығуларды орындау үшін физиотерапевттің кеңесі қажет болуы мүмкін. Сіз бұл жаттығуларды үйде орындай аласыз, бірақ, үнемі дәрігердің нұсқауларын қадағалау қажет.

Кейде жаттығуларды орындау кезінде ауырсыну пайда болады, сондықтан, дәрігер сіздерге ауырсынуды басатын немесе бұлшық еттің босаңсуына ықпал ететін препараттарды тағайындауы мүмкін. Иыққа жаттығуға дейін бірнеше минут бұрын жылытқы немесе мұзы бар пакетті қою да ауырсынуды азайтуға көмектеседі. Әрдайым жаттығуды бастар алдында 5-10 минут дайындық жасау қажет, ол үшін иықты аздап қимылдату немесе  бірқалыпты  жаттығулар жасау қажет. Денеңіздің басқа бөліктерін де (мойын, арқа, қол, шынтақ) дайындау және созу қажеттігін есте ұстаңыз.

 

Жаттығудың 3 түрі

Қабырғаға өрмелеу: Қолыңызды алдыңызға қабырғаға қойыңыз. Саусақтың көмегімен қабырғаның бойымен жоғары қарай «өрмелеңіз». Бірнеше сантиметр өткеннен кейін тоқтаңыз және осы жағдайда 30 секунд бойы қалыңыз. Қабырғаның бойымен жоғары қарай үнемі «өрмелеуге» тырысыңыз.  

Кодман жаттығуы: Орындыққа бір бүйіріңізбен отырыңыз. Қолтығыңызбен орындықтың қабырғасына тіреліңіз, қолыңызды бос, ілінгендей етіп ұстаңыз. Қолыңызды баяу түрде айналдыра бастаңыз. Алдымен қолыңызды кіші, одан кейін үлкен шеңбер жасап айналдырыңыз. Бұл жаттығуды екі бағытта да жасаңыз.

Заттарға қол жеткізу: Күнделікті қолданатын заттарыңызды (аяқ киім, шыныаяқ, тіс щеткасы сияқты) жоғарыдағы сөреге қойыңыз. Осылайша, оларды алу үшін жиі қолыңызды созатын боласыз. Бұл иық үшін жақсы созылу жаттығуы болады.

Бұл жаттығуларды күніне бір немесе екі рет орындаңыз, өзіңізді жақсы сезінгеннен кейін де жалғастырыңыз. Қимылдау көлемі азаймас үшін сау иығыңызды да жаттықтыруды ұмытпаңыз.

Адгезивті капсулитке шалдыққан кейбір науқастарда буынның қызметі толығымен қалпына келеді. Басқалар буында ұдайы әлсіз ауырсынуды немесе ширығуды сезінуі мүмкін. Адгезивті капсулитке дейін айналысқан күнделікті қызмет түрлерін орындай беруіңіз қажет.  

 

Дәрігерге қоя алатын сұрақтарыңыз

 

  • Адгезивті капсулиттің пайда болу себебі қандай?
  • Емдеудің қандай нұсқасын таңдау қажет?
  • Симптомдар қашан жақсарады?
  • Симптомдар қайталануы мүмкін бе?
  • Жаттығуларды орындау қауіпсіз бе? Қандай жаттығуларды жасау қажет?

 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.