.

Пародонттық абсцесс | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Пародонттық абсцесс

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат

Пародонттық абсцесс – тіс пен қызыл иектің арасындағы кеңістікте ірің толған қуыс (қалта тәрізді ошақ), бактериалдық инфекцияның түсуінен қызыл иектің іріңді қабынуының нәтижесінде түзіледі.

 

Пародонттық абсцесс алдымен нақты бір тістің астында орналасады, ісініп, қызарған, домалақ пішінді түзіліс түрінде болады. Тіске тигенде пародонттық абсцесс күшті ауырсыну береді. Пародонттық абсцесс асқынғанда үлкен өлшемге жетіп, бет пішінін өзгертуі мүмкін.

Пародонт – тісті қоршап, оны төменгі және жоғарғы иектің сүйегінде бекітетін тіндер.  Пародонтқа келесі тіндер кіреді: қызыл иек, сүйек тіні, тістің тамыры мен сүйектің арасындағы байлам, тіс тамырының цементі. Бактериялар тістің ішкі бөлігіне терең қуыс, тістегі сызат немесе жарылу арқылы түсуі мүмкін. Инфекция түсуінің нәтижесінде пародонтта  абсцесс дамуы мүмкін (пародонттық абсцесс).

 

Себептері

 

Пародонттық абсцесстің себептері:

·       Қызыл иектің түрлі аурулары (гингивит – қызыл иектің беткері қабынуы; пародонтит – пародонтты қамтитын қабыну үрдісі; пародонтоз — пародонттың қоректенуінің бұзылысы, оған қызыл иектің түсуі, тіс мойындарының ашылуы тән)

·       Қызыл иектің механикалық жарақаты, оның ішінде, күйіктер.

·       Пломба қойған кездегі протезисттің немесе стоматологтың сапасыз жұмысы, пломбаның шеті жанасқанда ұдайы қызыл иекті зақымдайды.

 

Пародонттық абсцесстің дамуының қауіп факторларына жататындар:

·       Ауыздың нашар гигиенасы

·       Қанттың көп мөлшері бар тамақтану рационы

 

Симптомдары

 

Пародонттық абсцесс кезінде келесі жайттар байқалады:

·       Күшті, солқылдап ауыру

·       Ыстық, суық өнімдер мен сусындарды тұтынғандағы тістің асқан сезімталдығы

·       Тісті және қызыл иекті басқандағы, сондай-ақ, тағамды шайнағандағы асқан сезімталдық

·       Қызба

·       Пародонттық абсцесс аумағындағы беттің ісінуі

·       Иек астылық және мойын лимфа түйіндерінің ұлғаюы (бұл иммундық жүйенің ағзасы, негізгі қызметі тосқауылдық-сүзгілік, яғни, лимфа ағыны жолымен бактерияларды және басқа бөгде заттарды ұстап қалады)

·       Абсцессты жару тіс ауыруын жеңілдетеді

 

Диагностика

 

Пародонттық абсцесс стоматологтың қарауы кезінде сыртқы белгілері бойынша жеңіл анықталады.

 

Қарау кезінде дәрігер анықтайды:

·       Ауру тісті аздап басады (науқас абсцесс аумағында күрт ауырсынуды сезінеді)

·       Науқасты тіс рентгеніне бағыттайды. Ауру тістің рентгені абсцесстің орналасуын, оның таралуын анықтауға көмектеседі.

 

Емдеу

 

Пародонттық абсцессті емдеуді тек дәрігер тағайындайды. Өз бетіңізше емделуге болмайды, іріңді қалтаны өз бетіңізше жаруға тырыспаңыз, бұл күрделі салдарға апаруы мүмкін.

Пародонттық абсцессті стоматологиялық емдеу ірің қалтаны хирургиялық жаруға және ішіндегі іріңді сыртқа шығаруға негізделеді. Одан кейін қуыс бактерияларды жоятын (антисептик) дәрілік ерітіндімен шаю арқылы тіршілігін жойған тіндерден мұқият тазартылады. Жоғарыда келтірілген ем-шаралардан басқа дәрігер қабынуға қарсы емдеуді тағайындайды.

 

Аурудың болжамы

 

Пародонттық абсцессті уақытылы және дұрыс емдеудің нәтижесі – толығымен сауығу. Емдеу кеш басталса, абсцесс созылмалы сатыға өтуі мүмкін, бұл кезде инфекция бүкіл организмге таралуы мүмкін, бұл ауыр салдарға апарып, қиын емделеді.

Мүмкін асқынулары

 

Пародонттық абсцессті уақытылы жарып, алмаса, инфекция қан ағымына түсіп, бүкіл денеге тарайды (сепсис). Иммунитеттің әлсіздігінде инфекцияның таралу қаупі арта түседі.

Уақытылы  медициналық жәрдем жасалмаса, пародонттық абсцессте келесі асқынулар болуы мүмкін:

 

·       Иектің остеомиелиті (иектің сүйек тінінің қабынуы)

·       Ауыз қуысының флегмонасы (тіл астылық және иек астылық аумақтың тіндерінің жайылған іріңді қабынуы)

Қашан дәрігерге көріну қажет

 

Дәрігерге көрініңіз, егер:

·       Абсцесс аумағында күшті ауырсыну, қызба және ісіну болса

·       Тыныс алуда немесе жұтуда мәселе болса. Бұл белгілер инфекция иекке және қоршайтын тіндерге терең таралуын нұсқауы мүмкін.

 

Алдын алу

 

Пародонттық абсцесстің алдын алу үшін алдымен ауыз қуысының мұқият гигиенасын қадағалау және қызыл иектің жағдайын бақылау қажет.

 

·       Тісті күніне екі рет, фтор құрамдас тіс пастасымен тазалау қажет.

·       Күнделікті тістің арасындағы астың қалдығын тазалау үшін жіпті қолдану қажет.

·       Тіс щеткасын 3-4 ай сайын, қылы тозған сайын ауыстырып отыру қажет.

·       Тәттіні шектеп, тек салауатты тағамды тұтыну қажет.

·       Ұдайы қарап отыру және тісті кәсіптік тазалау үшін стоматологқа барып тұру қажет.

·       Тіс эмалін бұзылудан қосымша қорғау үшін ауызды шаю үшін түрлі ерітінділерді қолданыңыз.

 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры:

http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/

 

Материалды дайындағандар:

Ли Ольга, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі

Махпиршаев Ильшат, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі

 

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Шыңғыс Жұмағұлов, zdrav.kz  порталының контент-менеджері.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.