.

Балардағы аппендицит | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Балардағы аппендицит

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Аппендицит дегеніміз не?

Аппендицит қаншалықты жиі пайда болады?

Қауіп факторлары бар ма?

Балаңызда аппендицит бар деп санасаңыз, не істеу керек?

Операция қалай өтеді?

Аппендицит жарылып кетсе, не болуы мүмкін?

 

Жалпы ақпарат

Ата-аналарға баласында аппендицит бар екенін білу қиынға түседі. Басында ауру гастроэнтеритке ұқсайды. Классикалық белгілері – іштің ауырсынуы, қызба және құсу. Сирек жағдайда іштің өтуі пайда болуы мүмкін.  

Басқа айқын белгісі (бірақ, үнемі бола бермейді) кіндік тұсында пайда болатын ауырсыну, біртіндеп ұлғайып, іштің төменгі оң жағына қарай ауысады.

Баланың іші кеуіп, ұстағанда сезімтал болуы мүмкін, егер қабынған аппендиксі аяққа баратын бұлшық етті тітіркендірсе, бала оң жағына ақсаңқырап, немесе оңға қарай қисаюы мүмкін.

 

Аппендицит дегеніміз не?   

Аппендицит – құрт тәрізді өсіндінің - пішіні жағынан саусаққа ұқсайтын, шағын, қуыс ағзаның қабынуы. Аппендикс тоқ ішектің бастапқы бөлігінде болады. Бұл қабыну бактериялардың аппендикстің ішінде қатты нәжіспен бітелуінде немесе кіретін саңылауды ұлғайған лимфалық түйіндер басқанда  пайда болуы мүмкін. 

Аппендикс – бұл бүйеннің аш ішекпен байланысқан жерінде болатын, пішіні жағынан саусақ тәрізді ішек тінінің шағын қалташасы.

Жұқпаланғаннан кейін аппендиксті алып тастау қажет, себебі, оның жарылуының және инфекцияның іш қуысына таралуының алдын алу қажет.

 

Аппендицит қаншалықты жиі пайда болады?

Аппендицит шұғыл іш хирургиясының кең таралған себебі. Көптеген елдерде халықтың 7 пайызында өмір бойында аппендицит пайда болады. Аппендициттің пайда болу ықтималдығы 10-нан 30 жас аралығында кездеседі. Аппендицит жағдайларының жалпы саны азаюда. Сарапшылардың ойынша, бұл адамдардың рационындағы талшықтың мөлшерінің артуына байланысты.

 

Қауіп факторлары бар ма?

Отбасында аппендицит ауруы болған адамдар, сондай-ақ, ерлермен салыстырғанда әйелдер бұл ауруға бейім келеді. Егер балада ас қорыту және тыныс алу мәселелерін туындататаын тұқым қуалайтын ауру – муковисцидоз болса, оның бойында аппендицит пайда болуына бейімділік болады.

 

Балаңызда аппендицит бар деп санасаңыз, не істеу керек?

Педиатрға көрініңіз. Балаңызды жедел жәрдем бөлімшесіне апару қажет болса, ол сізге түсіндіреді. Аппендицитті өз бетінше емдеуге болмайды, себебі, ол жарылып кетіп, инфекцияның барлық іш қуысына таралуына апаруы мүмкін.

Балаға іш жүргізетін препараттар бермеңіз және клизма жасамаңыз. Олар аппендикстің жарылуына апаруы мүмкін. Баланы жұбатып, тыныштандыруға тырысыңыз.

Ауруханада дәрігер балаңызды тексереді. Рентген, ультрадыбыс немесе компьютерлік томография – осы ауырсындырмайтын шаралар арқылы балаңыздағы аппендикстің толық көрінісін алуға болады.

Дәрігер инфекция белгісін анықтау үшін қан талдауын, сондай-ақ, симптомдар несеп жолдарының инфекциясынан болу мүмкіндігін анықтау үшін несеп талдауын тағайындайды. Сонымен қатар, балаға операция қажеттілігін білу үшін дәрігер хирургпен кеңеседі.

 

Операция қалай өтеді?

Балаға жалпы наркоз беріледі, осыдан кейін хирург іштің тұсын аздап тіледі. Одан кейін аппендиксті тоқ ішектен ажыратып, инфекцияға байланысты толып кеткен сұйықтықтан тазартады.

Кейбір хирургтер операцияны арнайы аспап – лапароскоптың (ұшында кішкентай камерасы бар зонд) көмегімен орындайды, ол іште не болып жатқандығын көрсетеді, бұл кезде үлкен тілік жасаудың қажеті болмайды. 

Дәрігер, сонымен қатар, тіліктің инфекцияға ұшырамауы үшін антибиотиктер тағайындайды. Операциядан кейін бала ауруханада 1-3 күн бойы болады.

 

Аппендицит жарылып кетсе, не болуы мүмкін?

Бактериалдық инфекцияның ауыр түрде өтуінде аппендикс жарылып кетіп, бактериялар зақымданған ағзадан іш қуысына тарауы  мүмкін. Бұл жағдайда бала ауруханаға жатқызылады, инфекциямен күресу үшін оған вена (көктамыр) арқылы антибиотиктер енгізу тағайындалады.

Хирургиялық емдеу қажеттігі сақталады, хирургтер сізбен операция жасауға қолайлы уақыт және вена арқылы антибиотиктер енгізу ұзақтығын талқылайды.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.