.

Бастың сақина ауруы | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Бастың сақина ауруы

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Ұстамасын емдеу

Болжамы

Қашан дәрігерге көріну қажет

 

Жалпы ақпарат

Бастың сақина ауруы бас ауруының жиі кездесетін түрі, жүрек айнуы, құсу немесе жарыққа сезімталдық секілді симптомдармен қосарланады. Адамдардың көпшілігінде бастың бір жағында болатын, солқылдаумен қосарланатын ауырсыну сезіледі.

Сақинасы бар кейбір адамдарда бас ауруының пайда болуына дейін «аура» аталатын белгі беретіндей симптомдар болады. Аура – бас ауруының пайда болуы жайлы белгі беретін симптомдар тобы, көру бұзылыстарын қоса.

Бастың сақина ауруының симптомдары – жарық пен дыбысқа жоғары сезімталдық,жүрек айнуы, аураның пайда болуы (бір көздің көрмеуі немесе туннельдік көру), сөйлеудегі қиындық және күшті ауырсыну, әсіресе, бастың бір жағында.

Себептері

Сақина тәрізді бас аурулары әдетте, 10-45 жас аралығында пайда болады. Кейде одан кейін де кездеседі.

Сақина ерлерге қарағанда әйелдерде жиі кездеседі. Сақина бір отбасының мүшелерінде қайталануы мүмкін. Кейбір әйелдерде бас сақинасының ұстамалары жүктілік кезінде азаюы мүмкін.

Сақина мидың ауытқулы белсенді бөлігінде туындайды, бірнеше факторлар салдарынан болады. Алайда, ұстамалардың пайда болуының нақты себебі белгісіз. Бүгінде медицина сарапшыларының көпшілігі ұстама мида басталып, жүйке жолдарын және түрлі химиялық заттектерді қамтиды деп сайнайды. Ауруға байланысты өзгерістер мидағы және қоршайтын тіндердегі қан ағымының бұзылысына апарады.

Алкоголь, күйзеліс, ашушаңдық, кейбір иістер, парфюмерия, қатты дауыс, күшті жарық және темекі шегу сақинаны туындатуға себепші болады. Сақинаның ұстамаларын туындататын басқа жайттар:

  • Кофеин
  • Әйелдерде етеккір айналымы кезіндегі немесе ұрықтануға қарсы таблеткаларды қабылдаудан гормондар өзгерісі
  • Ұйқы фазасының бұзылысы
  • Дене жаттығуларын орындау немесе басқа жүктеме
  • Тамақ ішу уақытын жіберіп алу
  • Темекі шегу немесе түтін әсері

Сақина ұстамалары сондай-ақ, белгілі бір өнімдерден туындауы мүмкін. Жиі кездесетін түрлері:

  • Кез келген өңделген, ферменттелген, тұздалған немесе маринадталған өнімдер, сондай-ақ, натрий глутаматы бар өнімдер.
  • Нан-тоқаш өнімдері, шоколад, жаңғақ, арахис майы және сүт өнімдері.
  • Қызыл шарапта, ескі сырларда, ысталған балықта, тауық бауырында, інжірде және кейбір бұршақ тұқымдастарда болатын тирамин құрамдас өнімдер.
  • Жемістер  (авокадо, банан, цитрустылар).
  • Құрамында нитрат бар ет (бекон, хот-дог, салями, консервіленген ет).
  • Пияз.

Бұл тізімді жалғастыруға болады.

Сақина тәрізді бас аурулары мидағы ісіктің немесе басқа күрделі мәселенің нәтижесі емес. Дегенмен, тек тәжірибелі дәрігер ғана симптомның сақинамен немесе басқа аурумен байланысты екендігін анықтай алады.

Симптомдары

Көру бұзылыстары, немесе аура - сақинаның белгісі. Аура екі көзді де қамтиды, және келесі симптомдар болуы мүмкін:

  • Көрмейтін дақтың уақытша пайда болуы
  • Көрудегі бұзылыстар
  • Көздегі ауырсыну
  • Жұлдызшалар немесе ирек сызықтардың көрінуі
  • Туннельдік көру

Басқа белгілерінің симптомдары –есінеу, назарды шоғырландыру қиындығы, жүрек айнуы және тиісті сөзді таңдай алмау.

Сақинасы бар адамның бәрінде аура бола бермейді. Аура, әдетте, бас ауруына дейін 10-15 минут бұрын пайда болады. Дегенмен, аура сақинаға дейін бірнеше минуттен 24 сағатқа дейінгі аралықта пайда болуы мүмкін. Бас ауруы аурадан кейін әрдайым бола бермейді.

Сақина тәрізді бас аурулары орташа немесе күшті болуы мүмкін. Ауырсыну көздің түбінде немесе бастың, мойынның артқы жағында сезілуі мүмкін. Көптеген науқастарда бас аурулары үнемі бір жағында басталады. Әдетте болатын бас ауруының түрлері:

  • Солқылдайтын немесе орташа
  • Бастың бір жағында күштірек
  • Орташа ауырсынудан бастап, бірнеше минуттен бірнеше сағатқа дейін ушығады
  • 6 - 48 сағат арасында созылады

Бас ауруымен қатар кездесетін басқа симптомдары:

  • Қалтырау  
  • Несеп жүруінің жиілеуі
  • Шаршау
  • Тәбеттің болмауы
  • Жүрек айнуы және құсу
  • Ұйып, жансыздану, шаншу сезімі немесе әлсіздік
  • назарды шоғырландыру қиындығы, және тиісті сөзді таңдай алмау
  • жарыққа және дыбысқа сезімталдық
  • тершеңдік

Симптомдар сақина өткеннен кейін де сақталуы мүмкін. Науқастар кейде бұл жағдайды сақинадан кейінгі «айықпау» санайды. Оның симптомдары:

  • ойлаудың айқын болмауы, бұлыңғырлығы
  • ұйқы басуы
  • мойындағы ауырсыну

Диагностика

Дәрігер аурудың симптомдары, отбасылық сақина тарихы туралы сұрақ қойып, бас ауруының түрін анықтайды. Бас ауруының бұлшық еттің ширығуымен, мұрын қуысындағы мәселелермен, немесе бастың күрделі ауруымен байланысын анықтау үшін толық медициналық тексеріс қажет.

Бас ауруының сақина екендігін анықтайтын нақты әдіс жоқ. Дегенмен, егер бұрын өтіп көрмесеңіз, немесе әлсіздік, естің мәселелері немесе абайлықты жоғалту секілді симптомдар болса, мидың КТ немесе МРТ тағайындалуы мүмкін.

Құрысу болмауын растау үшін электроэнцефалография (ЭЭГ) өткізілуі мүмкін.

Сондай-ақ, люмбальдық (жұлындық) пункция да жасалуы мүмкін.

Емдеу

Сақина ауруына емдейтін нақты әдіс жоқ. Мақсат – аурудың пайда болуын туындататын факторларды өзгерту немесе жою арқылы сақинаның алғашқы симптомдарын шұғыл емдеу немесе симптомдарының пайда болуының алдын алу.

Емдеудің өзекті кезеңі – сақинаның симптомдарын үйде жоюға үйрету. Бас ауруының күнделігін жүргізу сақинаны туындататын факторларды анықтауға көмектеседі. Әрі қарай дәрігермен бірге осы факторларды жоюдың жоспарын құруға болады.

Егер сақинаның ұстамалары жиі пайда болатын болса, дәрігер ұстамаларды азайту үшін дәрілік препараттарды тағайындауы мүмкін. Бұл дәрілерді күнделікті қабылдаған жөн, себебі, осы тәртіпте олардың тиімділігі жоғары. Оларға жататындар:

  • Антидепрессанттар, мысалы, амитриптилин немесе венлафаксин
  • Артериалдық қысымды реттейтін дәрілер, мысалы, бета-блокаторлар (пропранолол) немесе кальцийлі каналдардың блокаторлары (верапамил)
  • Құрысуға қарсы препараттар, мысалы, вальпрой қышқылы, габапентин және топирамат

Ботулиндік токсин инъекциясын егу де сақина ұстамаларын азайтуға көмектеседі.

Ұстамасын емдеу

Басқа дәрілік препараттар сақина ұстамасының алғашқы белгісінде қабылданады. Ацетаминофен, ибупрофен немесе аспирин секілді ауырсынуды басатын препараттар сақинаның жеңіл өтуінде тиімді. Дегенмен, келесілерді есте ұстау қажет:

  • Дәрілерді аптасына 3 күннен артық қабылдау рикошеттік бас ауруының пайда болуына апарады (бас ауруы қайталанады).
  • Ацетаминофеннің үлкен мөлшерін қабылдау бауырға зиян келтіруі мүмкін. Ибупрофеннің немесе аспириннің артық мөлшері асқазанның тітіркенуін туындатуы мүмкін.

Егер емдеу көмектеспесе, сақинаны емдеу үшін дәрігермен басқа препараттар туралы кеңесіңіз. Оларға жататындар – назальдік спрейлер, суппозиторийлер немесе инъекциялар. Дәрігер дәрілік препараттардың бірнеше тобының бірін таңдауы мүмкін, оған жататындар:

  • Триптандар – сақина ұстамасын тоқтату үшін тағайындалады
  • Эрготтар – құрамында эрготаминнің түрлері бар (спорынья алкалоиды)
  • Изометептен (Мидрин)

Сақинаны емдейтін кейбір дәрілер қантамырларын тарылтады. Егер сізде жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупі болса, немесе жүрек ауруына шалдыққан болсаңыз, бұл препараттарды қолданудың алдында дәрігермен кеңесіңіз. Жүкті немесе жүктілікті жоспарлайтын болсаңыз, спорынья препараттарын қабылдауға болмайды.

Басқа дәрілік препараттар сақинаның симптомдарын емдеу үшін тағайындалады. Олар жеке немесе басқа дәрілермен бірге қолданылуы мүмкін. Оларға жататындар:

  • Жүрек айнуын басатын препараттар
  • Тыныштандыратын құралдар, мысалы, барбитураттар
  • Есірткілік ауырсынуды бастатын құралдар

Пиретрум – сақинаны емдейтін кең таралған шөп. Осы өсімдік тектес препараттың көмегімен сақинаны емдеу бойынша кейбір зерттеулер жүргізілген. Егер ауруды пиретруммен емдеуге әрекеттенсеңіз, дәрігердің пікірін біліңіз. Осымен қатар, өсімдік тектес дәрілік құралдардың сатылуы дәріханаларда бақылауға алынбаған. Шөпті таңдауда білікті фитотерапевтпен кеңесу қажет.

Болжамы

Әр адамның емдеуге серпіні әр түрлі болады. Кейбір адамдарда бас аурулары сирек болады және емдеуді қажет етпейді. Басқалар бірнеше препараттарды қабылдап, ауруханаға да жатады.

Сақина инсульттің дамуының қауіп факторларының бірі. Сақина аурамен қосарланатын болса, қауіп жоғары. Сақинасы бар адамдарға инсульттің дамуының басқа қауіп факторларынан алшақ болу қажет, мысалы, темекі шегу, ұрықтануға қарсы таблеткаларды қабылдау, дұрыс тамақтанбау секілді.

Қашан дәрігерге көріну қажет

Келесі жағдайларда шұғыл түрде дәрігерге көрініңіз:

  • «басыңыз бұрын-соңды бұлай қатты ауырмаған»
  • Сөйлеу, көру, қимыл үйлесіміндегі бұзылыстар, тепе-теңдікті жоғалту. Әсіресе, осыған дейін сақина ұқсас симптомдармен қосарланбаған болса.
  • Бас ауруы жатқан кезде ушығады.
  • Бас ауруы кенеттен басталған.

Сондай-ақ, келесі жағдайларда дәрігермен кеңесу қажет:

  • Бас ауруы сипатының өзгерісі
  • Осыған дейінгі көмектесіп келген емдеу тиімсіз болуда 
  • Дәрілік препараттарды қабылдаудың жанама әсерлері пайда болған: жүрек соғуы ұдайылығының өзгерісі, солғын немесе көкшіл тері, ұйқы басуы, жөтел, депрессия, шаршау, жүрек айнуы, құсу, диарея, іш қатуы, іштің ауырсынуы, құрысу, ауыздың құрғауы немесе шөлдеу.
  • Жүктілік немесе жүкті болуы мүмкіндігі – кейбір дәрілерді жүктілікте қолдануға болмайды. 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000709.htm

Аудармашы: Асель Стамбекова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Сәлім Смайылов, б.ғ.к.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.