.

Диабеттік кома | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Диабеттік кома

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Симптомдары

Дәрігерге қашан көріну

Себептері

Қауіп факторлары

Асқынулары

Ерекше нұсқаулар

Диагностика

Емдеу

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат

Диабеттік кома – диабеттің өмір үшін қатерлі асқынуы, бұл кезде адам есін жоғалтуға дейін барады. Қандағы қанттың жоғары (гипергликемия) немесе төмен (гипогликемия) мөлшері аса қауіпті, себебі, екеуі де диабеттік комаға апаруы мүмкін. Диабеттік комаға ұшыраған науқас тірі болғанмен, оның жағдай ұйқыдағыдай секілді, есін толығымен жоғалтады, сыртқы тітіркендіргіштерге серпіні болмайды. Шұғыл ем көрсетілмеген жағдайда диабеттік кома өлім-жітімге апарады. Диабеттік команың пайда болу ықтималдығы өмір үшін қауіпті, бірақ, оның алдын алуға болады. Ол үшін алдымен, диабетті дұрыс емдеуден бастау қажет.

 

Симптомдары

Диабеттік команың алдында қандағы қанттың деңгейінің артуын немесе төмендеуін көрсететін телімді симптомдары болады.

Қандағы қанттың жоғары деңгейі (гипергликемия)

 Егер қандағы қанттың деңгейі тым жоғары болса, науқас сезінуі мүмкін:

•        Күшті шөлдеу

•        Несептің жиі жүруі

•        Енжарлық

•        Жүрек айнуы және құсу

•        Ентігу

•        Іштегі ауырсыну

•        Ауыздан ацетонның жемісті иісі пайда болады

•        Ауыздың құрғақтығы

•        Жүрек соғуының жиілеуі

Қандағы қанттың төмен деңгейі (гипогликемия)

Қандағы қанттың төмен деңгейінде байқалады:

•        Діріл немесе күйгелектік

•        Шаршау

•        Тершеңдік

•        Ашығу

•        Жүрек айнуы

•        Ашушаңдық

•        Жүрек соғуының жиілеуі

•        Сөйлеудің бұзылысы

•        Мінез-құлықтың өзгеруі

Кейбір науқастар қандағы қанттың төмендеуін көрсететін гипогликемияның симптомдарын сезінбеуі мүмкін.

Егер қандағы қанттың деңгейінің артуына немесе төмендеуіне  тән симптомдарды байқасаңыз, қан талдауының нәтижесіне негізделген емдеуді ұстаныңыз. Егер жағдайыңыз жақсармаса, немесе нашарласа, «жедел жәрдемді» шақырыңыз.

 

Дәрігерге қашан көріну қажет

Диабеттік кома – шұғыл жәрдемді талап етеді. Егер қандағы қанттың деңгейінің күрт артуына немесе күрт төмендеуіне  тән симптомдарды байқасаңыз, және талып қалуыңыз мүмкіндігін сезінсеңіз, «жедел жәрдемді» шақырыңыз. Егер қасыңызда диабетке шалдыққан адам болса, және ол талып қалса, «жедел жәрдемді» шақырыңыз және оның қызметкерлеріне міндетті түрде талған науқастың диабетпен ауыратындығын хабарлаңыз.  

 

Себептері

Қандағы қанттың төмен деңгейден жоғарыға дейін ұдайы өзгерістері немесе ұзақ уақыт бойы жоғары көрсеткіштерінің сақталуы диабеттік комаға апаруы мүмкін.

Диабеттік кетоацидоз.

Бұлшық ет тінінің энергетикалық ресурстарының таусылған кезінде организм май қорын бұза бастауы мүмкін. Бұл үрдістің нәтижесінде кетон аталатын уытты қышқылдар түзіледі. Тиісті емдеу болмаса, диабеттік кетоацидоз диабеттік комаға апаруы мүмкін.

Диабеттік кетоацидоз – 1 типті қант диабетінің жиі кездесетін асқынуы, бірақ, 2 типті диабетте және гестациялық диабетте (жүктіліктегі) де пайда болуы мүмкін.

Диабеттік гиперосмолярлық синдром. Егер қандағы қанттың деңгейі децилитрге (мг/дл) 600 миллиграммнан асатын болса немесе литрге (ммоль/л) 33.3 милимольден асатын болса, бұл жағдай диабеттік гиперосмолярлық синдром аталады.

Қандағы қант деңгейі осы көрсеткіштерден асатын болса, қан тұтқыр және қою болады. Қанттың артық мөлшері қаннан несепке өтеді және организмнен сұйықтықтың үлкен көлемінің шығарылуына ықпал етеді.

Егер гиперосмолярлық синдромға ұшыраған науқасқа уақытылы көмек көрсетілмесе, өмір үшін қауіпті сусыздану орын алуы мүмкін, бұл түбінде комаға апаруы ықтимал.  

Диабеттік гиперосмолярлық синдром 2 типті диабетке ұшыраған егде жастағы адамдар мен  орта жастағы адамдар арасында жиі кездеседі.

Гипогликемия. Глюкоза мидың қалыпты жұмысы үшін қажет. Ауыр жағдайларда қандағы қанттың деңгейі естен тануға апаруы мүмкін. Гипогликемияның пайда болу себебі қандағы инсулиннің жоғары деңгейі немесе организмге тағамның жеткіліксіз түсуі болуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл жағдай шамадан тыс дене жүктемелері мен алкогольді артық тұтынуда пайда болуы мүмкін.

Симптомдар гипогликемияның түпкілікті нәтижесіне әсер етеді. Ұзақ уақыт бойы өтетін диабеттің барысында  ашығу және терлеудің артуы секілді симптомдарды байқамауыңыз да мүмкін, олар қандағы қант деңгейінің қауіптілігі туралы белгі береді. Бұл жағдай танылмаған гипогликемия аталады.

 

Қауіп факторлары

Қант диабеті бар кез келген науқас диабеттік кома пайда болу қаупіне ұшырауы мүмкін.

Егер сізде 1 типті диабет болса, диабеттік кома пайда болу қаупі келесілермен байланысты:

•        Қандағы қанттың төмен деңгейі (гипогликемия)

•        Диабеттік кетоацидоз

Егер сізде 2 типті диабет болса, диабеттік кома пайда болу қаупі келесілермен байланысты:

•        Диабеттік гиперосмолярлық синдром, әсіресе, жасыңыз ортадан асқан болса.

Егер сізде 1 немесе 2 типті диабет болса, диабеттік кома пайда болу қаупі келесі факторларға байланысты:

•        Инсулин жеткізу мәселелері. Егер сізге инсулиндік помпа (сорғы) қойылса, қандағы қант деңгейін жиі тексеру қажет, себебі, инсулиндік помпаның түтігі бұралып қалуы мүмкін, осыдан организмге инсулин жеткізілуі тежеледі. Камерасыз помпа болғанда да кейде инсулинді жеткізудің тоқтауына апаратын мәселелер болуы мүмкін. Егер науқаста 1 типті диабет болса, организмге инсулиннің түсуінің тоқтауы тез диабеттік кетоацидозға апаруы мүмкін.

•        Ауру, жарақат немесе операция. Түрлі аурулар және жарақаттар кезінде қандағы қант деңгейі едәуір артуы мүмкін. Бұл 1 типті диабетте диабеттік кетоацидозға апармауы үшін, сондай-ақ, бұл жағдайды реттеу үшін организмге түсетін инсулинді арттыру қажет. Жүректің немесе бүйректің іркілісті жеткіліксіздігі секілді басқа аурулар  диабеттік гиперосмолярлық синдромның даму қаупін арттыруы мүмкін.

•        Диабетті дұрыс емдемеу. Егер қандағы қант деңгейін қатаң бақылауға алмасаңыз, дәрілік препараттарды дәрігердің тағайындаумен қабылдамайтын болсаңыз, асқынулар мен диабеттік команың даму қаупі жоғары болады.

•        Инсулиннен әдейі бас тарту. Кейде диабеті бар, артық салмақты  адамдар арықтауға үміттеніп, инсулинді қабылдаудан бас тартады. Бұл өмір үшін қатерлі және диабеттік команың дамуына апарады.

•        Алкоголь қабылдау. Алкоголь қандағы қанттың деңгейіне болжамсыз әсер етеді. Кейде алкогольді қабылдағаған 1-2 күн ішінде қандағы қанттың дәл емес деңгейі бақыланады. Бұл гипогликемия салдарынан болатын диабеттік команың даму қаупін арттырады.

•        Тыйым салынған есірткілік препараттарды қолдану. Кокаин және экстази секілді тыйым салынған есірткілік препараттар қандағы қант деңгейінің едәуір артуына және диабеттік команың дамуына ықпал етеді.

 

Асқынулары

Емдеуден бас тартқанда диабеттік кома апаруы мүмкін:

•        Мидың зақымдануына

•        Өлім-жітімге.

 

Ерекше нұсқаулары

Диабеттік кома – болжанбайтын жағдай, оған дайындалуға уақыт болмайды. Егер қандағы қант деңгейінің күшті артуын немесе төмендеуін сезінсеңіз, естен танбай тұрып, «жедел жәрдемді» шақыруға үлгеру қажет.

Егер диабетке шалдыққан адамның қасында болсаңыз, оның естен тану мүмкіндігін байқасаңыз немесе қимылы түсініксіз болып көрсінсе, дереу «жедел жәрдемді» шақырыңыз.

«Жедел жәрдем» келгенге дейін не істеуге болады?

Егер диабетті емдеу туралы ештеңе білмесеңіз, жедел жәрдем бригадасын күтіңіз.

Егер диабетті емдеумен таныс болсаңыз, келесі әрекеттерді орындаңыз:

1.      Естен танған адамның қандағы қант деңгейін тексеріңіз.

2.      Егер қандағы қант деңгейі 70 мг/дл (3.9 ммоль/л) болса, оған глюкагон инъекцисын салыңыз. Егер глюкагон болмаса, глюкоза гелін, балды немесе қантты шәрбатты жағының ішіне жағу қажет. Қандағы қант деңгейі төмен болса, инсулин бермеңіз.

3.      Егер қандағы қант деңгейі 70 мг/дл жоғары болса, жедел жәрдем бригадасын күтіңіз. Қандағы глюкоза  деңгейі жоғары адамға қант бермеңіз.

4.      Жедел  жәрдем бригадасына диабет және қабылданған шаралар туралы айтыңыз.

 

Диагностика

Диабеттік комада  диагнозды  тез  қою аса маңызды. Жедел   жәрдем бригадасы тексеру өткізгенде туыстарыңыздан сіздің ауруыңыздың тарихын сұрайды.

Қажетті тексерулер

Келесі көрсеткіштерді бағалау үшін түрлі зертханалық тестілер өткізу қажет болады:

•        Қандағы қант деңгейі

•        Кетондық денелер деңгейі

•        Қандағы азоттың немесе креатининнің мөлшері

•        Қандағы калийдің, фосфаттың және натрийдің мөлшері

 

Емдеу

Диабеттік кома кезіндегі жедел жәрдем көрсету әдістемесін таңдау қандағы қанттың деңгейіне байланысты. 

Қандағы қант деңгейі жоғары

Егер қандағы қант деңгейі тым жоғары болса, қажет болады:

•        Көктамыр арқылы ерітінділер енгізіп, су балансын қалпына келтіру

•        Жасушалар дұрыс қызмет етуі үшін калий, натрий немесе фосфат қосылады

•        Организм тіндеріне глюкозаны сіңіруіне көмектесу үшін инсулин

•        Кез келген негізгі инфекцияларды емдеу.

Қандағы қант деңгейі төмен

Қандағы қант деңгейі төмен болса, глюкагон инъекциясы қажет болуы мүмкін, ол қандағы глюкоза мөлшерін арттыруға ықпал етеді.

Әдетте, қандағы қант деңгейі реттелгенде, ес қалпына келеді.

 

Алдын алу

Диабеттің барысын күнделікті қатаң бақылау диабеттік команың алдын алуға көмектеседі. Келесі кеңестерді есте ұстаңыз:

•        Тамақтану тәртібін жасап, қадағалаңыз. Тағамды дұрыс қабылдау қандағы қант деңгейін реттеуге көмектесе алады.

•        Қандағы қант деңгейін қадағалаңыз. Гликемияның деңгейін жиі анықтау қандағы қанттың деңгейін нормасының шегінде қолдай алатындығыңызға сенімді болуыңызға көмектеседі. Сондай-ақ, бұл глюкозаның деңгейінің артуының немесе төмендеуінің қауіптілігі бар екендігі туралы сақтандырады.

•        Тағайындалған емдеуді қатаң орындаңыз. Егер қандағы глюкозаның мөлшерінің көрсеткіштері жиі өзгеретін болса, емдеуші дәрігерге хабарлау қажет. Ол науқасқа қажетті емдеуді таңдайды.

•        Күн тәртібі. Қандай да бір аурудың кезінде қандағы қанттың деңгейі күрт артуы мүмкін. Ауру кезінде қандағы қант деңгейінің артуын қалай реттеуге болатындығы туралы дәрігермен кеңесіңіз.

•        Қандағы қант деңгейінің артуында кетондар деңгейін анықтаңыз. Егер қанттың деңгейі 240 мг/дл (13.3 ммоль/л артық болса, кетондық денелерді анықтау үшін несепті талдауға тапсырыңыз. Кетондардың мөлшері артқанда дәрігерге көрініңіз. Несепте кетондар болса, және осы кезде құсу орын алса, дереу дәрігеріңізді шақырыңыз.

•        Қол астында глюкагон және тез әсер ететін қант көздерін ұстаңыз. Егер инсулин қабылдайтын болсаңыз, қол астында глюкагон және тез әсер ететін қант көздері, мысалы, глюкоза таблеткасы немесе  апельсин шырыны болуын қадағалаңыз, оларды қандағы қант деңгейі төмен болғанда қабылдау қажет.

•        Қандағы глюкозаның шоғырлануына үздіксіз мониторинг (CGM). Бұл әсіресе, қажет, егер гликемияның тұрақты деңгейін қолдауда қиыныдықтар болса, немесе қандағы қант деңгейінің төмендеуін сезбейтін болсаңыз (танылмайтын гипогликемия).

 

CGMs – тері астына қойылған кішкене датчиктер көмегімен қандағы қант деңгейі бақыланатын құрал-жабдық, әрі қарай бұл ақпарат сымсыз құрал-жабдыққа беріледі.

Бұл құрал-жабдықтар қандағы қант деңгейінің төмендігінің қауіптілігі туралы хабар береді. Бірақ, CGM қолданатын болсаңыз да, қандағы қант деңгейі глюкометрдің көмегімен анықталуы тиіс.  Глюкометрмен салыстырғанда CGMs – қымбат құрал-жабдық, бірақ, ол глюкозаның деңгейін бақылауда жақсы нәтиже береді.

 

•        Алкоголь тұтынуды шектеңіз. Алкогольдің қандағы қант деңгейіне әсері болжамды емес, спирттік ішімдіктерден бас тартқан жөн.

•        Туыстарыңызды, достарыңызды және әріптестеріңізді үйретіңіз. Туыстарыңызды, достарыңызды қандағы қант деңгейінің күрт өзгеруіне тән симптомдарды анықтауға үйретіңіз, сондай-ақ, естен танған кезде, «жедел жәрдем» шақыру қажеттігін айтыңыз.

•        Медициналық  идентификациялық білезік немесе алқа тағып жүрген жөн. Егер науқас естен танса, мұндай ақпараты бар білезік туыстарыңызға, достарыңызға және әріптестеріңізге, жедел жәрдем қызметкерлеріне пайдалы ақпарат береді. 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.