.

Глаукома | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Глаукома

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Неліктен глаукоманың алдында көз ішілік қысым артады?

Глаукоманың қандай түрлері бар?

Глаукома көбінесе, кімде болады?

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Алдын алу

Аурудың болжамы

 

Жалпы ақпарат

Глаукома – ұзақ уақыт бойы көз ішілік қысымның артуы есебінен көру нервісінің зақымдануынан орын алады. Глаукома тұқым қуалау бойынша берілуі мүмкін, бірақ, ұзақ уақыт бойы білінбеуі мүмкін.

Көз ішілік қысымның артуы көру нервісінің қысылуын туындатады, бұл көруді жоғалтуға апарады.

Көз ішілік қысымның артуы миға бейнені беруді жүзеге асыратын көру нервісін зақымдайды. Емдеу болмаған жағдайда бірнеше жыл ішінде глаукома көруді толығымен жоғалтуға апаруы мүмкін.

Көптеген адамдарда глаукома бастапқы кезеңінде симпотомсыз өтетіндіктен, уақытылы анықтау және емдеу қажет. Мысалы көз ішілік қысымның артуы кезінде ауырсыну сезімі болмауы мүмкін. Сондықтан, көруді толығымен жоғалтудың алдын алу үшін ұдайы окулист-дәрігерге көрініп тұру маңызды.

40 жастан асқан немесе тұқым қуалауы арқылы глаукомадан зардап шегетін адамдар әр 1-2 жыл сайын окулист-дәрігерден терең тексеруден өтуі қажет. Егер қант диабеті, тұқым қуалайтын глаукома, немесе көздің басқа ауруларының даму ықтималдығы секілді денсаулықтың мәселелері болса, окулист-дәрігерге көріну жиірек болуы қажет.

 

Неліктен глаукоманың алдында көз ішілік қысым артады?

Глаукома көз ішілік қысымның артуында дамиды. Бұл көздің алдыңғы камерасында көз ішілік сұйықтықтың айналымы бұзылғанда орын алады.

Қалыпты жағдайда, «көздің ылғалы» аталатын сұйықтық шлемдік канал арқылы көздің алдыңғы камерасынан ағып шығады. Егер бұл канал жабылып қалса, сұйықтық жинақталып, глаукома дамиды. Каналдың жабылуының айқын себебі белгісіз, медицина қызметкерлері бұл тұқым қуалау салдарынан болады деп санайды.

Глаукоманың дамитын сирек себептері: көздің тікелей немесе химиялық зақымдануы, көздің ауыр инфекциялары, көздің қантамырының бітелуі, көздің қабыну аурулары, кейде көздің басқа ауруларын емдеу үшін көзге жасалатын операциялар. Әдетте, глаукома екі көзді де зақымдайды, бірақ, зақымдау дәрежесі әр түрлі болады.

 

Глаукоманың қандай түрлері бар?

Глаукоманың екі негізгі түрі бар:

1. ашық бұрышты глаукома (кең бұрышты глаукома) – бұл кең таралған түрі. Тексеріп қарағанда көздің құрылысы өзгермеген, бірақ, көз ішілік сұйықтық көздің трабекулярлық жүйесі аталатын каналдары арқылы тиісті түрде ағып шықпайды.

2. жабық бұрышты глаукома. Жіті немесе созылмалы жабық бұрышты немесе тар бұрышты глаукома деп те аталады. Глаукоманың бұл түрі кең таралмаған, бірақ, көз ішілік қысым күрт көтерілгенде пайда болуы мүмкін. Нұрлы қабық пен мөлдір қабықтың арасындағы (сұйықтықтың ағатын түтіктері орналасқан жерде) бұрыш кішірейгенде дренаждық қызмет бұзылады.

 

Глаукома көбінесе, кімде болады?

Глаукома көбінесе, 40 жастан асқан адамдарда дамиды, бірақ, жас кезде де, тіпті, жас сәбилерде де болуы мүмкін.

Глаукома даму қаупі аратады, егер сізде:

  • Жасыңыз 40-тан асқан болса
  • Тұқым қуалау бейімділігі болса
  • Көру нашар болса
  • Қант диабеті болса

Сондай-ақ, гормоналдық дәрілік препараттарды қабылдайтын болсаңыз, мысалы, преднизолонды.

 

Симптомдары

Кейбір адамдарда глаукома симптомсыз өтеді. Бірінші және жиі симптомы – шеткері көруді жоғалту, ол ұзақ уақыт бойы байқалмайды. Глаукоманы ерте кезеңінде анықтау үшін окулист-дәрігерде жылына 1 немесе 2 рет тексеруде болу қажет. Кейде көз ішілік қысым жоғары көрсеткіштеріне дейін артуы мүмкін. Бұл жағдайда көзде кенеттен ауырсыну пайда болып, көру бұлдырайды және жарық көзінің маңында түрлі түсті шеңберлер көрінеді.

Төменде келтірілген симптомдардың қандай да бірі пайда болса, медициналық көмекке жүгініңіз:

•        жарық көзінің маңында түрлі-түсті шеңберлердің көрінуі

•        көруді жоғалту

•        көздің қызаруы

•        көрудің бұлдырауы (әсіресе, сәбилерде)

•        жүрек айнуы немесе құсу

•        көз аумағындағы ауырсыну

•        көру аумағының тарылуы

 

Диагностика

Глаукоманы анықтау үшін окулист-дәрігер көзді мұқият тексеруі қажет. Көзді тексеру глаукома кезінде зақымданатын көру нервісін зерттеуге бағытталады. Көру нервісінің бейнесі өзгерістерді және глаукоманың асқынуын анықтауға көмектеседі. Көз ішілік қысымды анықтауға арналған тонометрия және шеткері көруді анықтау үшін көру аумағын зерттеу секілді медициналық шаралар жүргізіледі. Глаукома кезіндегі тексерулер ауырсыну бермейді және тез уақытта орындалады. 

 

Емдеу

Глаукоманы емдеуге көз тамшылары, лазерлік немесе микрохирургия жатады.

• Глаукома кезіндегі көз тамшылары. Олар көздің камерасындағы сұйықтықтың пайда болуын азайтады және оның ағып шығуын жақсартады. Жанама әсерлері: аллергия, көздің қызаруы, қысқа уақыттық күйдіру сезімі, көрудің бұлдырауы және көздің тітіркенуі. Глаукома кезінде кейбір дәрілік препараттар жүректің және өкпенің жұмысына әсер етуі мүмкін. Басқа қабылдайтын дәрілер немесе аллергиялық серпін туралы дәрігерге міндетті түрде хабарлау қажет.

• Глаукома кезіндегі лазерлік хирургия. Глаукома кезіндегі лазерлік хирургия ашық бұрыштық глаукомада сұйықтықтың ағып шығуын жақсартады немесе жабық бұрышты глаукомада сұйықтықтың бітелуін жояды. Глаукома кезіндегі лазерлік хирургияның түрлеріне жататындар: трабекулопластика, бұл кезде лазердің көмегімен дренаж жасалатын аумақтың трабекулярлық жүйесі ашылады; нұрлы қабықтың бөлігі алынып тасталады, нәтижесінде, кішкене ойық саңылау пайда болады, ол арқылы сұйықтық еркін ағатын болады; циклофотокоагуляция, бұл кезде лазер сәулесімен көздің ортаңғы қабаттары өңделеді, осылайша сұйықтықтың өндірілуі азаяды.

• глаукома кезіндегі микрохирургия. Трабекулотомия аталатын операцияда сұйықтық ағып шығуы үшін жаңа канал жасалады, осылайша, глаукомаға апаратын көз ішілік қысым азаяды. Кейбір жағдайда қайтадан операциялық араласу қажет болады. Глаукома кезіндегі микрохирургияның басқа асқынулары: уақытша немесе ұдайы көруді жоғалту, сондай-ақ, қан кетуі немесе инфекциялар.

Ашық бұрыштық глаукоманы біріктірілген емдеу – көз тамшылары, лазерлік трабекулопластика және микрохирургия. Әдетте, глаукоманы бастапқы кезеңінде емдеу – медикаментоздық түрде, бірақ, бастапқы кезеңінде лазерлік хирургияны немесе микрохирургияны қолданудың пайдасы туралы дәлелдемелер бар.

Сәбилердің немесе іштен туа біткен глаукома бұл аурудың туған кезде анықталуын білдіреді. Бұл жағдайларда алдымен, хирургиялық араласу қарастырылады, себебі, аурудың себебі – дренаждық жүйенің дұрыс дамымауы. 

 

Алдын алу

Глаукоманың алдын алу мүмкін емес, бірақ, ерте анықтау арқылы ауруды бақылауға алуға болады.

 

Аурудың болжамы

Глаукома салдарынан көруді жоғалту – қайтымсыз және қалпына келмейді. Бірақ, көз ішілік қысымды төмендетуге бағытталған шаралар көруді әрі қарай жоғалтудың алдын алуға көмектеседі. Глаукома бар адамдар дәрігердің тағайындауын қадағаласа, ұдайы тексеріліп отырса, көбінесе, көруді жоғалтпайды. 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.