.

Қабақтың қабынуы – халязион | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Қабақтың қабынуы – халязион

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

Синонимдары

 

Жалпы ақпарат

Халязион – қабақтың ауруы, мейбоми безінің шығу каналының бітелуімен сипатталады. 

Көз – сфера тәрізді көру ағзасы. Ол сұйықтыққа толы. Аққабықтан, мөлдірқабықтан тұратын көздің сыртқы қабаты қорғаныс қызметін атқарады. Көздің ортаңғы қабаты тамырлардан тұрады. Ішкі қабаты (торқабық) нервтерден және жарық-түске сезімтал жалғамдардан тұрады. Сондай-ақ, мөлдірқабықтың артында орналасқан нұрлы қабық бар, ол –жұқа қозғалмалы пластина, ортасында қарашық аталатын дөңгелек ойығы бар. Оның артында қарақ (көз бұршағы) орналасқан, ол – линза түріндегі мөлдір созылмалы дене, оның басты қызметі – жарықты сындыру. Конъюнктива – қабақтың ішкі бөлігін жауып тұратын сілемей қабығы.

Себептері

Халязион  мейбоми бездерінің бірінің шығу жолы бітелгенде пайда болады. Бұл бездер қабақтың шетінде кірпіктің астында орналасқан; олар көзді шаятын майлы сұйықтықты өндіреді.

Симптомдары

Халязион көбінесе, теріскеннен (ішкі гордеолумнан) кейін пайда болады. Бұл кезде әдетте, қабақ қызарып, ісініп, ыстық болады. Кейде теріскеннің салдарынан без босатылмайды, бірақ, қызару және ісік басылады. Без қабақтағы мықты, серпімді түйінге айналады, бұл халязион аталады.

Диагностика

Қабақты қарау диагнозды нақтылайды.

Сирек жағдайда терінің қатерлі ісігі халязион секілді көрінеді. Егер мұндай күдіктер болса, биопсия қажет болады.

Емдеу

Халязион көбінесе, бір айға жуық уақыт ішінде емдеусіз өтеді.

  • Емдеуде қабаққа күніне төрт рет, 10-15 минуттан жылы компресс қойылады. Ыстық емес суды қолдану қажет. Бұл бездің каналды бітеген қатайған бөліндісін жібітеді және босатылуына көмектеседі, сондықтан сауығуға апарады.
  • Халязионды басуға тырыспаңыз.

Егер халязионның өлшемі ұлғайса, оны хирургиялық жолмен алып тастау қажет. Тілік теріде тыртық болмас үшін, көбінесе, қабақтың ішкі жағынан жасалады.

Инъекциялық стероидтық препараттар – емдеудің басқа нұсқасы.

Болжамы

Халязион, әдетте, өздігінше жазылады. Емдеу оң нәтиже береді.

Мүмкін асқынулары

Халязион өздігінше жазылғанмен, қабақта тыртық қалады. Бұл мәселе көбінесе, халязионды оперативтік емдеуде кездеседі, бірақ, сирек болады. Бірнеше кірпіктен айырылу, немесе  қабақтың шетінде шағын науашық қалуы мүмкін. Жиі кездесетін асқынуы – аурудың қайталануы.

Қашан дәрігерге көріну қажет

Емдеуге қарамастан, қабақтағы түйін өсетін болса, немесе кірпік жоғалтылған бөлік бар болса, дәрігерге көріну қажет.

Алдын алу

Халязионның немесе теріскеннің алдын алу үшін қабаққа және кірпік өсетін сызыққа түнге қарай жұмсақ скрабты (өңезді жоятын құрал) жағу көмектеседі. Көзді тазарту үшін арнайы губканы (спонджды), езілген балалар сусабынын қолдану қажет.

Тазалағаннан кейін дәрігер тағайындаған антиобитігі бар жақпа майды қолдану қажет.

Синонимдары

Мейбоми безінің липогранулемасы.

 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/001006.htm

Аудармашы: Асель Стамбекова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Сәлім Смайылов, б.ғ.к.

 

 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.