.

Ойық жаралы колит | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Ойық жаралы колит

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат

Ойық жаралы колит (ОК) немесе телімді емес ойық жаралы колит – тоқ ішектің түрлі бөлімдерінің (өрлемелі тоқішек, көлденең тоқішек, төмендемелі тоқішек, сигма тәрізді, тік ішектер) тіні қабынып, бұзылысқа ұшырайды. Үрдіске көбінесе, тік ішек қатысады.

Өңеш, асқазан, аш ішектер, бауыр, өт қабы және ұйқыбезі тағамның қоректік заттектерін энергияға айналдырады, тоқ ішек судың сіңуін қамтамасыз етеді,  және тоқ ішек босатылғанда тағамның қоректік емес бөліктері организмнен сыртқа шығарылады.

Ішек жүйесі - тоқ, аш, тік ішектерден тұрады.

 

Себептері

«Телімді емес» термині колиттің белгілі бір сыртқы себептерсіз дамитындығын білдіреді.

Ауру кезінде ішектің сілемей қабатын көптеген ойық жаралар басады, сондықтан колит «ойық жаралы» аталады.

Бұл ауруды туындататын айқын себептер белгісіз. Көптеген жағдайда ішек тіндері өзіндік иммундық жүйенің әсерінен бұзылысқа ұшырайды. Тоқ ішектің жұмысындағы бұзылыстарды  стрептококк, сальмонелла, стафилококк секілді ауру қоздыратын микроорганизмдер туындатуы мүмкін.

Ішектің ойық жаралы колиті тұқым қуалауы да мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, ойық жаралы колитке шалдығу қаупі 5-20 есе артады, егер жақын туыстары осы аурумен ауырса.

Телімді емес ойық жаралы колиттің туындау себебінің ішінде ұйқы безінің, өт қабының инфекциясын, қиын қорытылатын тағам өнімдерін ұдайы тұтынуды, алкогольді шамасынан артық тұтынуды, антибиотик қабылдауды, күйзелістерді атауға болады.

Симптомдары

Ойық жаралы колиттің симптомдары аурудың түріне байланысты. Ойық жаралы колит клиникалық түрде жіті және созылмалы болады. Жіті ойық жаралы колит сирек кездеседі, ол аса күрт болуы мүмкін. Созылмалы ойық жаралы колит екі түрде өтеді: үздіксіз және қайталанатын. Асқыну және басылу кезеңдері болады. Жағдайлардың жартысында ойық жаралы колиттің екінші асқынуы келесі 2 жылда болады. 10% жағдайда ойық жаралы колиттің асқынуы сирек болады – 25 жылда 1 рет.

Симптомдарына жататындар:

 

·           Іштегі ауырсыну және қадалу (жіті ауырсыну ұстамасы)

·           Іштің дауысты шұрылдауы

·           Диарея (сұйық нәжіс, іш өтуі)

·           Тенезм (нәжіс шығарғысы (ішек босатқысы) келетін жалған сезім)

·           Нәжістегі қан мен ірің

·           Қызба  (температураның артуы)

·           Салмақ жоғалту

·           Балалардың бойының өсуінің бәсеңдеуі

Басқа симптомдарға жататындар:

 

·           Жүрек айнуы және құсу

·           Ауыз қуысындағы ойық жаралар

·           Асқазан-ішек қан кетуі

·           Буындағы ауырсыну

 

Диагностика

Диагноз талдауды өткізу нәтижесінің негізінде алынған мәліметтердің және симптомдардың негізінде қойылады. Аурудың толық көрінісін алатын диагностика әдістері - колоноскопия және ішектің рентгендік зерттеуі (ирригоскопия).

Эндоскопиялық зерттеу – оптикалық талшықтан тұратын ұзын түтікті айналшық арқылы тоқ ішекке енгізу. Мұндай зерттеу дәргерге тоқ ішектің ішкі қабырғасын көруге және жағдайын анықтауға мүмкіндік береді.

Ректороманоскопия кезінде бүкіл тік ішектің және сигма тәрізді ішектің бастапқы бөлімінің жағдайы, түрлі дерттік үрдістердің болуы  анықталады.

Колоноскопия кезінде тоқ ішектің бүкіл ішкі бетін визуалдық (көру арқылы) тексеру жүргізіледі, биопсия жасалады (өзгерген бөліктен тін алу және зерттеу).

Колоноскопия тоқ ішектің бүкіл ұзындығын зерттеуге мүмкіндік береді, ректороманоскопия тек төменгі үштен бір бөлігін ғана зерттеуге мүмкіндік береді.

 

Ирригоскопия рентгендік диагностика әдісінің түрі, бұл кезде науқасқа арнайы клизманың көмегімен тоқ ішеккке барийлі қоспа енгізіледі, ол рентгенді сәулелерді жұтатын контрастылық заттек болады, тоқ ішектің қоспадан тазаруына дейін және кейін суреттер топтамасы жасалады.

Ирригоскопия ішектің саңылауының біркелкі емес тарылу аумағын немесе шектің бойында ойық жараны анықтайтын иректерді анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, соңғы жылдары ауруды анықтаудың жаңа әдісі - капсулалық эндоскопия пайда болды. Бұл әдіс науқастың ішкі ағзаларын бейнесигнал таратқышпен біріктірілген эндоскопиялық капсуланың көмегімен зерттеуге негізделеді. Асқазан-ішек жолдарымен өту барысында капсула бірнеше сағат ішінде ондаған мың суреттерді түсіреді, олар науқастың денесінде орналасқан датчикке беріледі, және қабылдау қондырғысының жадына жазылады.   

Емдеу

Телімді емес ойықжаралы колит – ұзақ өтетін ауру, ұдайы емдеуді қажет етеді.

 Ойықжаралы  колитті емдеу тез басылуына бағытталады. Емдеудің негізін қабынуға қарсы препараттар құрайды:

·         глюкокортикоидты гормондар – организмде қабынуды туындататын факторлардың өндірілуін тежейтін препараттар;

·         аминосалициллаттар – 5-аминсалицил  қышқылы бар препараттар,тоқ ішектің сілемей қабатының қабынуын тежейді;

·         цитостатиктер, аса күрделі жағдайларда тағайындалады, себебі, олар өзіндік иммундық жүйені басады.

Колитті симптоматикалық емдеу қан тоқтатын құралдардың көмегімен жүзеге асырылады. Егер қан кетуі көп болса, жақында мұздатылған қан плазмасын және эритроцитарлық массаны (қан бөліктер) құю қажет болуы мүмкін.

Ішектің перистальтикасын ( толқын тәрізді жиырылу) реттеу мақсатында науқасқа іш өтуіне қарсы және түйілу мен ауырсынуды басатын құралдар тағайындалады.

Жоғары температура болуында ойық жаралы колитті емдеу антибактериалдық емдеудің көмегімен жүзеге асырылады. Егер науқас аса арықтаған болса, қоректік қоспаларды енгізу қажеттігі туындайды.  

Дәрімен емдеу тиімсіз болса, және тік ішектен қан кетуі ұзақ болса, хирургиялық емдеу тағайындалады. Хирургиялық араласуда тоқ ішектің бөлігі немесе толық алынып тасталады. Мұндай операция  колэктомия аталады, бұл науқастардың шектелген санында ғана жасалады, себебі, мүгедектікке апарады.

Сондай-ақ, реконструктивті (қалпына келтіретін) хирургиялық араласу жүргізіледі – тоқ ішектің зақымданған бөлігін стомалар (ішектің денемен жасанды жалғасуы) жасаумен жою және кейіннен (6 ай- 2 жылдан кейін) ішек өтімділігін қалпына келтіру.

 

Емдәм

Ойықжаралы  колит арықтауға және организмнің қажуына апаратындықтан, тамақтану калориялы және толыққұнды болуы, ақуыздар мен дәрумендердің үлкен мөлшерін құрауы тиіс.

Науқастарға тамақты күніне 5-6 рет, аздаған үлестермен ішу қажет.

Ойықжаралы  колитте тамаққа татымдықтарды, тұздықтарды, майлы және қуырылған тағамды, шикі жеміс пен көкністерді тұтынуға болмайды, себебі, бұлар іш өтуін туындатады. Сондай-ақ, сүт өнімдерін абайлап тұтынған жөн.

Емдәм келесі өнімдерді тұтынуға негізделеді: майсыз ет (құс, күркетауық, қоян еті), балық, майсыз сорпа-көже, жұмыртқа, ботқа, картоп. Сусындардан: кисельдер, жидек қайнатпасы, какао, қара кофе, шәй. Барлық тағам тандырда әзірленуі немесе пісірілуі тиіс.

Аурудың болжамы

Басқа да аурудағыдай, колитті емдеуді көп созған сайын ауру ушығады, оны емдеп, жазу қиындайды.

Бастапқыда науқастардың 25% хирургиялық араласуды қолданбастан толық қалпына келуге мүмкіндігі болса, бірнеше жылдан кейін бұл пайыз едәуір төмендейді, ал науқастардың 30% жаппай колит болады (бүкіл тоқ ішектің зақымдануы). Жаппай колиті бар науқастардың жартысында толық жазылмайды, ал дәрігерге ерте көрінсе, сауығу мүмкінідігі айтарлықтай артады.

Егер колиттің симптомдары байқалса, мамандарға барып, тексеруден өту қажет. Ауруды ерте ескеру қажет, себебі, кеш анықтау емдеу ұзақтығы  мен қалпына келуді (жоғалтқан қызметін қалпына келтіру) ұлғайтады.

Мүмкін асқынулары

Ойық жаралы колитті емдемесе, күрделі асқынулары болады:

·         күшті қан кетуі, өмірге қауіпті;

·         тоқ ішектің тұтастығының бұзылуы және оның ішіндегісінің іш қуысына түсіп, ішперденің, қанның жұқапалануына апаруы мүмкін;

·         тоқ ішектің диаметрінің ұлғаюы, бұл ішектің ішіндегісінің іркілуін туындатады, бұл бүкіл организмді уландырады;

·         тоқ ішектің қатерлі ісігі;

 

Алдын алу

Алғашқы ойықжаралы  колиттің алдын алу шаралары жасалмаған. Аурудың нақты себебі анықталғанда жасалуы мүмкін. Осыған байланысты, 50 жасқа жеткен адамдар ұдайы колоноскопиядан өтуі қажет.

Ойықжаралы  колиттің асқынуының алдын алу дәрігердің шеберлігімен қатар науқасқа да байланысты. Аурудың симптомдары қайтып оралмас үшін әдетте, науқасқа ұзақ уақыт бойы дәрі қабылдау қажет болады. 

 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000250.htm

Материалды дайындағандар: Екатерина Шумарева, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі;  Асель Стамбекова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі.

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Шыңғыс Жұмағұлов, zdrav.kz порталының контент-менеджері.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.