.

Периодонтит | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Периодонтит

Себептері

Симптомдары

Диагностикасы

Емі

Болжамы

Болжамды асқынулары

Дәрігерге қашан қаралу керек

Профилактикасы

 

Периодонтит – тісті ұстап тұратын байламдар мен сүйектердің қабынуы мен инфицирленуі.

http://www.zdrav.kz/images/refs3/periodontitis.jpg

Қызыл иектің ұлғаюы, томпаюы, ісінуі аурудың симптомдары болып табылады.

 

Себептері

Периодонтит – қабынуды немесе қызыл иектің инфекциясын (гингивит) уақытылы емдемесе немесе мүлдем емдемеген кезде пайда болады. Инфекция мен қабыну қызыл иектен тістерді ұстап тұратын байламдар мен сүйектерге таралады. Байламдар босағандықтан тістердің босауына және түсуіне әкеледі. Периодонтит ересектерде тістің жоғалуының негізгі себебі болып табылады. Бұл ауру балаларға сирек, бірақ жасөспірімдерде жиі кездеседі.

Тістің негізінде тіс қағы мен тіс тастары жиналады. Қабынудың нәтижесінде қызыл иекпен тістердің арасында қызыл иек қалтасы түзіледі, оған тіс қағы мен тасы жиналады. Қызыл иек қалтасында жұмсақ тіндердің ісінуі пайда болады. Қабынуды одан әрі дамуы тістің айналасындағы тіндер мен сүйектерге зиян келтіреді. Қызыл иек қағында бактерия бар болғандықтан, тіс абсцессінің жұғуы және дамуы мүмкін, нәтижесінде сүйектің жойылу жылдамдығы артуы мүмкін.

Симптомдары

  • Тыныс алған кездегі жағымсыз иіс

  • Қызыл иектің ашық қызыл немесе қызыл-күлгін түсте болуы

  • Қызыл иектің жылтырауы

  • Қызыл иек оңай қанайды(тісті тазалаған кезде тіс щеткасында қанның пайда болуы)

  • Қызыл иекті ұстағанда сезімтал, бірақ ауырсынусыз

  • Тістердің түсуі

  • Қызыл иектің томпаюы

Ескерту: ерте симптомдарыгингивитке ұқсайды.

Диагностикасы

Стоматолог ауыз қуысын және тістерді қарап тексергенде, қызыл иек жұмсақ, ісінген, қызыл-күлгін болады. Тістің негізінде тіс қағы мен тіс тасы және ұлғайған қызыл иек қалталары анықталуы мүмкін. Тістің абсцессі болмаған кезде, қызыл иек ауырсынусыз немесе әлсіз сезімтал болады. Сондай-ақ, тістерден қызыл иектің ажырауы немесе тістердің жоқтығы анықталуы мүмкін.

Стоматологиялық рентгенологиялық зерттеу сүйекті ұстап тұратын құрылымдардың жоқтығын және қызыл иектің астында тіс қағының жиналғанын анықтауы мүмкін.

 

Емі

Емдеудің мақсаты - қабынуды басу, қызыл иек қалталарын алып тастау, қызыл иек ауруларының кез-келген бастапқы себептерін емдеу.

Тістердің немесе тіс протездерінің беткей зақымдалуларын жою қажет.

Тістеріңізді мұқият тазалау өте маңызды. Тіс қағы мен тіс тасын азайту және жою үшін әртүрлі құрылғыларды пайдалану керек. Қызыл иек ауруларының қаупін азайту үшін, тіпті кәсіби стоматологиялық тазалаудан кейін де, әрдайым тіс щеткасын дұрыс пайдалану керек. Сіздің тіс дәрігеріңіз немесе гигиенист оларды қалай дұрыс пайдалану керектігін көрсетеді. Периодонтитпен ауыратын науқастар жылына екі реттен артық кәсіби стоматологиялық тіс тазалаудан өтуі керек.

Хирургия ем жүргізу қажет болуы мүмкін. Қызыл иектегі терең қалталарды ашу және тазалау қажет болуы мүмкін. Босаған тістердің бекітілуін қамтамасыз ету қажет. Аурудың өршуін алдын алу үшін және жақын тістерге қабынудың таралуын болдырмау үшін бір немесе бірнеше тістерді алып тастау қажет болуы мүмкін.

 

Болжамы

Кейбір адамдарға қабынған қызыл иектен тіс қағын алып тастау процедурасы жағымсыз көрінуі мүмкін. Қызыл иектің қанауы және жоғарғы сезімталдығы емдеуден кейін 1-2 апта ішінде кетуі тиіс. (Сау қызыл иек қызғылт және мықты болып көрінеді).

Ауыз қуысының гигиенасын өмір бойы қадағалап отыру керек, өйткені ауру қайтадан пайда болуы мүмкін.

Болжамды асқынулары:

  • Жұмсақ тіндердің инфекциясы немесе абсцессі (бет целлюлиті)

  • Бет сүйектерінің инфицирленуі (остеомиелит)

  • Периодонтиттің қайта пайда болуы

  • Тіс абсцессі

  • Тістердің түсуі

  • Тістердің босауы және ығысуы

  • Гингивиттің (қызыл иектің қабынуы) ауырсыну түрі

Дәрігергеқашан қаралу керек

Периодонтиттің симптомдары байқалса дәрігерге қаралыңыз.

 

Профилактикасы

Ауыз қуысының гигиенасын сақтау - алдын-алудың ең жақсы құралы болып табылады. Оған тіс щеткасымен мұқият тіс тазалау және тұрақты кәсіби стоматологиялық тіс тазалау жатады. Гингивиттің алдын алу және емдеу периодонтиттің даму қаупін азайтады.

 

 

Аударған: Дүйсенова Жаңылсын Бекқалиқызы

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.