.

Тағамдық аллергия | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Тағамдық аллергия

Мазмұны

Тағамдық аллергия қаншалықты жиі кездеседі?

Тағамдық аллергия мен тағамды көтере алмаудың арасындағы айырмашылық қандай?

Тағамдық аллергияның симптомдары қандай?

Себептері және қауіп факторлары

Тағамдық аллергияны қалай емдейді?

Дәрігерге қойылатын сұрақтар

 

Тағамдық аллергия қаншалықты жиі кездеседі?

Адамдардың 25 % өздерінде белгілі бір тағам өнімдеріне аллергия бар деп ойласа, зерттеулер балалардың 6% және ересектердің 2% ғана тағамдық аллергияға шалдыққандығын растайды.

 

Тағамдық аллергия мен тағамды көтере алмаудың арасындағы айырмашылық қандай?

Нақты тағамдық аллергия – организмнің иммундық жүйесінің (инфекциямен күресуге қажет) организмге аллергеннің түсуіне жауапты серпіні. Көпшілік жағдайда адамдарда тағамды көтере алмау пайда болады, бұл дегеніміз тағам қабылдаудан туындайтын жағымсыз симптомдардың пайда болуы (бұл кезде иммундық жүйе қамтылмайды).

Мысалы, сүтке аллергия ересектерге қарағанда балаларда жиі кездеседі. Дегенмен, балалардың көпшілігінде сүтке аллергия 2-3 жасқа қарай жойылады. Сүтке аллергияның симптомдарына сүт өнімдерін тұтынғаннан кейін терінің күлдіректенуі, құсу және тыныс алудағы мәселелер жатады. Көптеген ересектерде сүт өнімдеріне аллергияға ұқсайтын симптомдар пайда болуы мүмкін, себебі, ересектерде сүтте болатын қантты (лактоза) қорытуда мәселелер жиі кездеседі. Бұл «лактозаны көтере алмау» деп аталады, бұл аллергия емес, себебі, қандай да бір өнімді көтере алмау иммундық жүйені қамтымайды. Лактозаны көтере алмаудың симптомдарына жататындар – іштің кебуі, түйілуі, жүрек айнуы, шамадан тыс желдену, іштің өтуі.

 

Тағамдық аллергияның симптомдары қандай?

Тағамдық аллергияның жиі кездесетін симптомдары:

  • Терінің күлдіректенуі (терідегі ісіну секілді)
  • Ісіну
  • Терінің қышуы
  • Ауыздағы қышу немесе шаншу
  • Ауыздағы металл дәмі
  • Жөтел, қиындаған ысқыратындай тыныс алу
  • Көмейдегі қысу сезімі
  • Диарея
  • Құсу

 

Науқас өзін нашар сезінуі мүмкін, терісі солғын тартып, артериалдық қысымы түскеннен, естен тануы да ықтимал. Тағамдық аллергияға байланысты жиі кездесетін созылмалы аурулар - экзема және астма (демікпе).

Тағамдық  аллергия күштілігіне сай анафилаксия аталатын серпінді туындатқан жағдайда өлім-жітімге де апаруы мүмкін. Бұл серпін кезінде тыныс алу жолдары тежеледі, науқасқа тыныс алу қиынға түседі. Адреналин аталатын инъекцияны уақытылы енгізу өмірді құтқаруы мүмкін.

Егер балада немесе ересекте күшті аллергия болса, дәрігер адамның өздігінше инъекция жасауы үшін арнайы шприц-қаламның көмегімен адреналин салуды тағайындайды. Дәрігер оны қолдануды үйретеді. Егер науқасқа бұл дәрі қажет деп санаса, оны науқас ұдайы өзімен бірге алып жүруі тиіс.

Аллергиялық серпіні бар адамдар «жедел жәрдем» көлігімен аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілуі тиіс, себебі, организмге өздігінше енгізілген адреналиннің мөлшері қауіпті болуы мүмкін. Дәрігер қан айналымын, тыныс алуды, заттек алмасуын баяулату үшін адреналин беруі мүмкін.

 

Себептері және қауіп факторлары

Қандай өнімдер жиі аллергиялық серпінді туындатады?

Аллергия кез келген тағамға пайда болуы мүмкіндігіне қарамастан, көбінесе, аллергендер – жаңғақтар, арахис, сүт, жұмыртқа, соя, бидай, балық және моллюскілер. Осы сегіз өнім тағамдық аллергия пайда болуының 90% жағдайына жауапты. Көпшілік жағдайда аллергия 4 өнімге пайда болады.

Менде тағамдық бояғыштарға немесе жасанды хош иістендіргіштерге аллергия болуы мүмкін бе?

Зерттеулерге сай, кейбір тағамдық қоспалар және жасанды тәттілендіргіштер кейбір адамдардағы аллергияның себебі болуы мүмкін.

Менде қантқа аллергия болуы мүмкін бе?

Жоқ. Тағамдық  аллергия  иммундық жүйес тағам өнімдеріндегі белгілі бір ақуызды «бөгде» санап, оған қарсы күрескенде пайда болады. Бұл майлар мен қанттарға қатысты емес.

 

Тағамдық аллергияны қалай емдейді?

Науқаста тағамдық аллергия бар екендігі анықталса, оны туындатқан өнімдерді тұтынудан алшақ болу қажет. Егер сізде аллергия болса, және сіз себебін білсеңіз, жейтін өнімдеріңіздің жапсырмаларын оқуыңыз шарт. Дәрігер аллергияны туындататын өнімдерді тұтынудан алшақ болуға үйретеді. Егер балада аллергия болса, мектепке бұл туралы хабарлаңыз, алшақ болатын өнімдердің тізімін беріңіз, сондай-ақ, осындай өнімді кездейсоқ жеп қойған жағдайда алғашқы жәрдем көрсету шаралары туралы айтыңыз.

Жас өскенде тағамдық аллергия өтеді ме?

Көптеген адамдарда жас өскенде сүтке, жұмыртқаға, соя өнімдеріне және бидайға аллергия өтеді, бірақ, барлығында емес. Көбінесе, арахиске, жаңғаққа, балыққа, моллюскілерге аллергия жаспен бірге өтпейді.

 

Дәрігерге қойылатын сұрақтар

  • Мен өзімде тағамды көтере алмау емес, тағамдық аллергия екендігін қалай білемін?
  • Менде тағамдық аллергия бар. Басқа заттектерге аллергия пайда болуына бейім болуым мүмкін бе?
  • Тағам мен үшін қаупсіздігіне қалай көз жеткіземін?
  • Егер өнімді немесе тағам өнімдерінің тобын рационнан алып тастасам, менде қоректік заттектердің тапшылығы пайда болуы мүмкін бе?
  • Аурухананың барлық дәрігерлері мен қызметкерлері менің аллергиям туралы білетіндігіне қалай көз жеткіземін?
  • Мендегі аллергиялық серпіннің асқынуын қалай білемін?
  • Менде тағамдық  аллергия бар. Анафилаксия қаупі бар ма?
  • Адреналин алуым қажет пе? Оны қалай қолданамын?

 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.