.

Терең көктамырдың тромбозы | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Терең көктамырдың тромбозы

Мазмұны

Терең көктамырдың тромбозы дегеніміз не?

Терең көктамырдың тромбозының симптомдары қандай?

Менде терең көктамырдың тромбозының пайда болу қаупі бар ма?

Дәрігер терең көктамырдың тромбозын қалай анықтайды?

Терең көктамырдың тромбозын емдеу үшін қандай дәрілік препараттар қолданылады?

Антикоагулянттардың жанама әсері қандай?

Терең көктамырдың тромбозын емдеуде қандай қосымша әдістер қолданылады?

Қалай терең көктамырдың тромбозының алдын алуға болады?

Дәрігерге қойылатын сұрақтар

 

Терең көктамырдың тромбозы дегеніміз не?

Терең көктамырдың тромбозы (ТКТ) – дененің терең көктамырында тромбылардың (қан ұйындысы) түзілуімен сипатталатын ауру. Бұл тромбылар әдетте, аяқтың көктамырларында шоғырланады. ТКТ кең таралған ауру екендігіне қарамастан, ол аса қауіпті. Егер тромбы ажырап, қан ағымымен жылжитын болса, өкпедегі қантамырларын бітеуі мүмкін. Бұл бітелу өкпе эмболиясы аталады, ол өлім-жітімге апаруы ықтимал.

 

Терең көктамырдың тромбозының симптомдары қандай?

Кейбір адамдарда аурудың симптомы болмауы мүмкін. Көпшілікте бір немесе екі аяқта да ісіну болады. Кейде науқастар бір аяғында ауырсыну немесе ширығуды сезінеді (тұрғанда немесе жүргенде пайда болады). Сондай-ақ, ауыратын аяқтың терісі ұстағанда жылы немесе қызылдау түсте болады. Егер осы симптомдардың бірін байқасаңыз, дәрігерге көрініңіз.

 

Менде терең көктамырдың тромбозының пайда болу қаупі бар ма?

Келесі жағдайларда ТКТ пайда болуының жоғары қаупі бар:

  • 60 жастан асқанда
  • Ұзақ уақыт бойы қимылдамағанда, мысалы, ұшақта ұшу, автокөлікте ұзақ сапар шегу немесе операциядан кейін төсекте болғанда
  • Қанның ұюының жоғары болуымен сипатталатын тұқым қуалайтын ауруда
  • Жарақат немесе оперативтік араласуда, бұл кезде дененің белгілі бір тұстарына қан келуі азаяды
  • Жүктілікте немесе жақында босанғанда
  • Артық салмақ немесе семіздікте
  • Көктамырдың варикоздық кеңеюінде
  • Қатерлі ісікте, одан емделгеннің өзінде
  • Ұрықтануға қарсы таблеткалар қабылдауда немесе гормондық емдеуді алуда, оның ішінде, етеккір тоқтау шағында симптомдарды бақылау үшін
  • Орталық көктамыр катетері қойылғанда.

 

Қатарынан  бірнеше қауіп факторы орын алғанда терең көктамырдың тромбозының пайда болу қаупі артады.

 

Дәрігер терең көктамырдың тромбозын қалай анықтайды?

Дәрігер  ТКТ анықтау үшін тексеруді өткізеді. Мысалы, УДТ (УЗИ) – көктамырдағы қан ағымын бағалау үшін дыбыс толқындары қолданылады, немесе венография – көктамырға бояғыш енгізіледі, одан кейін тромбыны табу үшін рентген суреттерінің топтамасы түсіріледі.

 

Терең көктамырдың тромбозын емдеу үшін қандай дәрілік препараттар қолданылады?

ТКТ емдеудің негізгі мақсаттары:

  • Тромбының өсуін тоқтату
  • Тромбының ажырауының және қан ағымы бойынша өкпеге жылжуының алдын алу
  • Жаңа тромбылардың түзілуінің алдын алу.

 

Терең көктамырдың тромбозын емдеу үшін дәрілік препараттар қолданылады. Кең таралған түрлері – антикоагулянттар (қанды сұйылтуға арналған препараттар), мысалы, варфарин немесе гепарин.

Антикоагулянттар қанды сұйылтып, тромбылардың түзілуінің алдын алады. Варфаринді таблетка түрінде, гепаринді көктамыр арқылы енгізеді. Егер гепарин қабылдай алмайтын болсаңыз, дәрігер тромбинді тежеуіш аталатын басқа антикоагулянт тағайындайды.

Антикоагулянттардың жанама әсері қандай?

Антикоагулянттар қан кетуін туындатуы мүмкін. Мысалы, теріңізді кесіп алсаңыз, қанның баяу ұюын байқайсыз. Сізде көгеру жеңіл орын алуы мүмкін. Егер әдеттегідей емес, немесе күшті қан кетуі пайда болса, шұғыл түрде дәрігерге көріну қажет.

Варфарин туа бітетін ақауларға апаруы мүмкін, сондықтан, оны жүкті әйелдерге тағайындауға болмайды.

Басқа дәрілік препараттар антикоагулянттардың жұмысына әсер етуі мүмкін. Егер антикоагулянт тағайындалса, жаңа дәрілер мен дәрумендерді қабылдау үшін дәрігермен кеңесу қажет. К дәруменіне бай кейбір өнімдер, мысалы, қошқыл жасыл түсті көкөністер де антикоагулянттардың жұмысына әсер етуі мүмкін.

Терең көктамырдың тромбозын емдеуде қандай қосымша әдістер қолданылады?

Егер қанды сұйылтатын препараттарды қабылдай алмасаңыз, немесе антикоагулянттар жұмыс істемесе, дәрігер қуыс көктамырға сүзгі қоюды ұсынады (дененің төменгі бөлігінен жүрекке қарай қанды қайтаратын негізгі көктамыр). Бұл сүзгі қан ағымында жылжитын  тромбыны ұстап, оның өкпеге түсуінің алдын алады. Бұл әдіс өкпеге тромб түсуі болған науқастарға ұсынылады.

Зақымданған аяқты жоғары қою және қысу ТКТ кезіндегі ауырсынуды және ісінуді азайтуға көмектеседі. Дәрігер тромб түзілгеннен кейін ісінуді азайту үшін арнайы қысатын шұлықты киюді ұсынады. Бұл шұлықтар аяқты өкшенің тұсынан бастап, тізеге дейін қысып тұрады.

Қалай терең көктамырдың тромбозының алдын алуға болады?

Ұзақ уақыт қимылдамағаннан кейін аяқ бұлшық етіне жаттығу жасаңыз. Аяқты созып, бұлшық етін аздап уқалаңыз. Әр  сағат сайын тұрып,  аздап жүріңіз. Отырған кезде өкшені көтеріп (бақайлар жер тірейді), одан кейін бақайларды көтеріп (өкше жер тірейді), жаттығу жасау қажет.

Төсектен тұрып, операциядан кейінгі шамаңызды бақылап, аздап жүріңіз.

Операциялардың кейбір түрінен кейін тромбының алдын алатын дәрілерді қабылдау қажет.

Артериалдық қысымды бақылап, темекі шекпеңіз, артық салмақ болса, арықтаңыз. Жоғары артериалдық қысым, темекі шегу, артық салмақ терең көктамыр тромбозының дамуына бейім етеді.

Дәрігерге қойылатын сұрақтар

  • Менде терең көктамыр тромбозы пайда болуының аса ықтимал себебі қандай?
  • Тромбозды емдеудің қандай түрін ұсынасыз? Дәрілік препараттар? Операция?
  • Менде өкпе эмболиясы пайда болуының қаупі бар ма?
  • Болашақта жаңа тромбы түзілу қаупі бар ма?
  • Тромбылардың алдын алу үшін антикоагулянттар қабылдау қажет пе? Қаншалықты ұзақ?
  • Тромбылардың түзілу қаупін азайту үшін өмір салтын өзгерту қажет пе?
  • Маған сапар шегу қауіпсіз болады ма?
  • Егер терең көктамыр тромбозы болса, денсаулықта басқа мәселелер пайда болады ма?

 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.