.

Жатырдың фибромиомасы | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Жатырдың фибромиомасы

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Жатырдың анатомиясы

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Синонимдары

 

Жалпы ақпарат

Жатырдың фибромиомасы әйелдің жатырында пайда болатын ісік. Бұл ісік қатерлі емес.

 

Жатырдың анатомиясы

Жатыр - әйелдің репродуктивтік ағзасы. Ол – ұрықтың дамуы өтетін, алмұрт пішінді қуыс ағза. Жатыр жамбас қуысында,  несеп қап пен тік ішектің арасында орналасқан.  
 

Жатырдың төменгі тарылған тұсында мойны орналасқан. Жатыр мойнынан жоғары аталады орналасқан кең бөлігі – жатырдың денесі аталады.  Ағзаның күмбез тәрізді бөлігі - жатырдың түбі. Жатырдың түтіктері - жатырдың екі жағында орналасқан өсінділері. Олар аналық бездермен аяқталады.

Жатырдың қабырғасы екі қабаттан тұрады. Ішкі қабаты – эндометрий аталады. Жатырдың сыртқы қабаты бұлшық етінен – миометрийден тұрады.

Бала өрбіту жасындағы әйелдерде ай сайын эндметрий қалыңдайды, бұл жатырдың жүктілікке дайындалуымен байланысты. Жүктілік болмаса, эндометрийдің қалың қабаты ажырап, іншек (қынап) арқылы қанмен сыртқа шығады. Бұл көрініс – етеккір (менструация) аталады.

 

Себептері

Жатырдың миомасы жиі кездеседі. Бала өрбіту жасындағы әр бесінші әйелде жатырдың миомасы пайда болуы мүмкін. 50 жасқа қарай әр екінші әйелде миома болады. Миома 20 жасқа дейін сирек кездеседі.

Жатыр фибромиомасының пайда болуының нақты себептері белгісіз. Мүмкін болжамды себептері:

  • Организмдегі гормондық өзгерістер
  • Тұқым қуалайтын бұзылыстар (ұрпақтан ұрпаққа берілетін аурулар)

 

Миома аса шағын болуы да мүмкін, кейде оны көру үшін микроскоп қажет болады. Сондай-ақ, ол аса үлкен де болады. Жатырдың бүкіл қуысын алып, бірнеше килограмм салмаққа жетуі мүмкін. Миома кезінде бір немесе бірнеше түйін пайда болуы мүмкін.  

Фибромиома пайда болады:

  • Жатырдың бұлшық еттік қабырғасында
  • Жатырдың сілемей қабығының астында (субмукозды түйін)
  • Жатырдың сыртқы қабығының астында (субсероздық түйін)
  • Ұзын аяғымен, сыртқы немесе ішкі жағында (полип)

 

Симптомдары

Фибромиоманың аса жиі кездесетін симптомдары:

  • Етеккір аралығындағы қан кетуі
  • Етеккір кезіндегі күшті қан кетуі, кейде қан ұйындысымен
  • Аса ұзақ етеккір кезеңдері
  • Несептің жиі жүруі
  • Жамбас қуысындағы түйілу және ауырсынатын етеккір кезеңдері
  • Іштің төменгі тұсының толып кеткендей, қысым пайда болатындай сезімі
  • Жыныстық қатынас кезіндегі ауырсыну.

 

Көбінесе, жатырдың миомасы симптомдарсыз өтеді. Дәрігер түйіндерді медициналық тексеру немесе басқа тексерулер кезінде анықтайды. Миома, көбінесе, етекккір тоқтау шағында кішірейеді немесе симптомдары жойылады. Жақында болған зерттеулер де кейбір шағын миомалардың етеккір тоқтау шағында кішірейетіндігін көрсеткен.

 

Диагностика

Емдеуші дәрігер гинекологиялық тексеру өткізгенде, жатырдағы өзгерістерді анықтайды.

Жатырдың миомасын анықтау оңайға түсе бермейді. Семіздік болса, ауруды табу қиын.  

Жатырдың миомасын анықтау үшін дәрігер келесі тексерулерді өткізеді:

  • УДТ (УЗИ) –жатырдың бейнесін алу үшін дыбыстық толқындар қолданылады
  • МРТ – ағзаның бейнесін алу үшін күшті магнит пен радиотолқындар қолданылады
  • Гистеросонография  - жатыр түтіктерінің өткізгіштігін зерттеу.

 

Қан кетуі болса, дәрігер келесі ем-шараларды өткізеді:

  • Жатырдың сілемей қабатының шағын бөлікшесін қатерлі ісікке зерттеу (эндометрий биопсиясы)
  • Іштегі шағын тілік арқылы дәрігер түтік енгізіп, жатырдың ішін қарайды  (лапароскопия).

 

Емдеу

Емдеу әдісін таңдау келесіге байланысты:

  • Жасқа
  • Денсаулықтың жалпы жағдайына
  • Симптомдарға
  • Миоманың түріне
  • Жүктілік болуына
  • Болашақта балалы болу тілегіне.

 

Миоманың симптомдарын емдеуге кіреді:

  • Ауыр етеккір кезеңдерін бақылау үшін ұрықтануға қарсы таблеткаларды қабылдау
  • Жатыр ішілік құралдарды орнату (ВМС), олар гормон бөледі және күшті қан кетуі мен ауырсынуды азайтады 
  • Ауыр етеккір кезеңдері салдарынан пайда болған анемияның алдын алу немесе емдеу үшін темір препараттарын қабылдау
  • Ибупрофен немесе напросин секілді ауырсынуды басатын препараттарды қабылдау
  • Гормондық емдеу, миоманы азайту үшін (қысқа уақытқа ғана беріледі)
  • Өзгерісін бақылау: миоманың өсуін бақылау үшін уақытылы гинекологиялық тексеру және УДТ (УЗИ) өтіп тұру қажет.

 

Миоманы емдейтін және хирургиялық ем-шараларға жататындар:

  • Гистероскопия. Ем-шараның барысында жатырдың ішінде өсетін түйіндерді алып тастауға болады.
  • Жатырдың артериясын эмболизациялау. Ем шараның мәні – фибромиомаға қан келуін тежеу, нәтижесінде, түйіннің өлшемі азайып, жойылады. Бұл болашақта балалы болғысы келетіндер үшін жақсы нұсқа.
  • Миомэктомия. Бұл операция жатырдың түйіндерін алып тастауға бағытталған. Сондай-ақ, ол  болашақта балалы болғысы келетіндер үшін жақсы таңдау. Бірақ, миоматоздық түйіндердің қайта пайда болу қаупі бар.
  • Гистерэктомия. Бұл операция кезінде жатыр толығымен алып тасталынады. Балалы болғысы келмейтіндерге, дәрілердің тиімділігі болмаса, немесе жоғарыда аталған ем-шаралардың ешқайсысы жарамды болмаса өткізіледі.

 

Болжамы

Миома симптомсыз өтсе, емдеудің де қажеті болмайды.

Миомалық түйіндер жүктілікте ұлғаюы мүмкін. Бұл қан ағымының күшеюімен және эстроген деңгейінің артуымен байланысты. Түйіндер әдетте, босанғаннан кейін бастапқы өлшеміне келеді.

 

Мүмкін асқынулары

Миоманың мүмкін асқынулары:

  • Күшті ауырсыну немесе қан кетуі, шұғыл операцияны қажет етеді.
  • Миоманың бұралуы. Бұл ісікті қоректендіретін қантамырларын тежеуі мүмкін. Хирургиялық араласу қажет болуы мүмкін.
  • Ауыр қан кетуі салдарынан анемия (қан аздық – қандағы эритроциттердің жеткіліксіз мөлшері).
  • Несеп шығару жолдарының инфекциясы: миома несепқапқа күш түсірсе, оның толық босатылуында қиындықтар болуы мүмкін.
  • Бедеулік (сирек жағдайда).

 

Жүктілік кезінде миоманың әкелуі мүмкін қиындықтары:

  • Мерзімінен бұрын босану, себебі, жатыр ішінде орын жетіспейді.
  • Фиброздық түйіндер босану жолын тежейді немесе нәрестені қауіпті орналастырады, кесарь тілігін орындау қажет болуы мүмкін.
  • Босанғаннан кейін күшті қан кетуі болуы мүмкін.

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Келесі жағдайларда дәрігерге көрініңіз:

  • Етеккір аралық кезеңдердегі күшті қан кетуі, түйілу немесе қан кетуі болса.
  • Іштің төменгі тұсының толып кетуіндей немесе ауырлық сезімі

 

Синонимдары

Лейомиома; Фибромиома; Миома; Фиброид.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.