.

Жүректің созылмалы жеткіліксіздігі | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Жүректің созылмалы жеткіліксіздігі

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат

Жүректің созылмалы жеткіліксіздігі (ЖСЖ) – жүректің бұлшық етінің жиырылу қабілеті төмендейтін жағдай, организмнің ағзаларына және тіндеріне оттегі мен қоректік заттектерді жүрек жеткілікті мөлшерде жеткізе алмайды.

 

Жүрек – конус тәрізді қуыс бұлшық етті ағза, қайталанатын ырғақты жиырылу арқылы қантамырларының бойымен қан ағынын қамтамасыз етеді.

Жүректің қан айдайтын қызметі әлсірегенде өкпеде қанның жиналуы, аяқ ұшында, тобық маңайында ісіну аталатын сұйықтықтың жиналуы орын алады. Жүректің камералары жүрек бұлшық етінің әлсіздігінің салдарынан жүректің ішінде қанды көп жинақтайды, бұл оның қабырғасының тығыздалуына апарады.

Бүйректе қан ағыны әлсіреуінің нәтижесінде организмде сұйықтықтың (судың) және тұздың жинақталуы басталады. Егер сұйықтық қолда, аяқта немесе басқа ағзаларда жиналатын болса, организм қанға толады. Мұндай жағдай жүректің созылмалы іркілісті жеткіліксіздігі талады.

Жүректің әр түрлі камераларының арасында немесе жүректен аортаға ағатын қан жүректің қақпақшалары арқылы өтуі тиіс. Бұл қақпақшалар олар арқылы қан өтетіндей ашылады. Одан кейін қанның кері ағынына кедергі келтіру үшін олар жабылады. Бұл қақпақшалар дұрыс жұмыс істемесе, жүрек арқылы бүкіл организмге қан ағыны бұзылады. Бұл жүректің жеткіліксіздігіне апаруы немесе оның барысын нашарлатуы мүмкін. ЖСЖ болуы науқастың жүрегі қызмет ете алмайды дегенді білдірмейді. 

 

Себептері

Жүректің  жеткіліксіздігі көптеген себептерге байланысты, мысалы:

  • жүректің ишемиялық ауруы – жүректің ауруы, жүрекке қан мен оттегіні жеткізетін жүрек артерияларының (коронарлық) тарылуынан жүректің бұлшық етіне қан ағыны келуінің төмендеуі нәтижесінде пайда болады.

Оның жиі себебі – коронарлық артериялардың атеросклерозы, бұл кезде олардың ішкі қабырғасында холестерин және басқа да майлар өңез және түйіндақ түрінде жинақталады, ал қабырғаның өзі тығыздалып, созылымдылығын жоғалтады. Бұл артериялардың саңылауының тарылуына және қан ағынының қиындауына апарады.

  • жүрек талмасы (миокард инфарктісі) – жүрек артериясының бітелуінен және жүрек бұлшық етінің қанмен қамтамасыз етілуінің жіті бұзылуынан жүрек бұлшық етінің бөлігінің тіршілігін жоюы. Осының нәтижесінде жүректің бұлшық етінде тыртықтар пайда болады, олар жүректің жұмысының бұзылуына апарады.
  • Кардиомиопатия – инфекцияның, алкогольді немесе есірткіні тұтынудың шамадан артық салдарынан жүрек бұлшық етінің зақымдануы.
  • Жоғары артериалдық қысым, жүрек қақапақшасының зақымдануы, жүректің кемістігі, қалқанша бездің аурулары, бүйрек аурулары, қант диабеті секілді жүректің тозуына апаратын себептер.

 

Симптомдары

Жүректің созылмалы жеткіліксіздігінің симптомдары ұдайы, өтпелі, ауыр немесе жеңіл болуы мүмкін.

Аурудың негізгі симптомдары:

  • Тыныс алудың қиындауы, өкпеде сұйықтық жиналуының және іркілуінің нәтижесінде дене жаттығуларын орындағанда және тыныш күйде де болатын құрғақ, үзілісті жөтелі.
  • Жүректің созылмалы іркілісті жеткіліксіздігінің симптомдары – тобықтың ісінуі, одан кейін аяқтың, іштің ісінуі, салмақтың ұлғаюы; түнде несептің жиі жүруі; іштің кебуі, тәбетті жоғалтуға немесе жүрек айнуына апаратын.
  • бас айналуы, шаршау, әлсіздік. Ағзаларға және бұлшық еттерге қан ағынының төмен болуынан науқас өзін шаршаулы, әлсіз сезінеді. Мидың қан айналымының төмен болуы бас айналуын немесе естің қалыпты болмауын туындатуы мүмкін.
  • жүректің тез немесе ұдайы емес соғуы, себебі, қанның жеткілікті мөлшерін айдауы үшін жүрек тезірек соға бастайды.

 

Жүректің созылмалы жеткіліксіздігі кезінде жоғарыда келтірілген симптомдардың бірі ғана байқалуы мүмкін, ауру симптомсыз өтуі мүмкін, бірақ, бұл симптомдардың бірінің болуында жүректің әлсіздігі болуы міндетті емес.

 

Алдын алу

Әдетте, қабылдау кезінде дәрігер науқасқа аурудың белгілердің болуы туралы сұрақтарды қояды. Дәрігер науқаста жүректің ишемиялық ауруы, стенокардия, диабет, жүректің қақпақшаларының ауруы, жоғары артериалдық қысым секілді аурулардың болуы туралы, сондай-ақ, зиянды әдеттері туралы сұрайды.

Осыдан кейін науқасты толығымен қарайды. Дәрігер фонендоскоппен жүректі тыңдап, жүректің  жеткіліксіздігінің және жүрек бұлшық етінің әлсіреуіне апаратын басқа да аурулардың белгілерін іздейді.

Дәрігер науқасты аурудың ауырлық дәрежесін анықтау үшін бірқатар зерттеулерді өткізуге бағыттайды. Бұл келесідей зерттеулер:

• қан талдаулары, олар бүйректің, қалқанша бездің жағдайын бағалау, холестерин деңгейін және анемия болуын анықтау үшін қолданылады.

· Электрокардиограмма (ЭКГ) – жүрек жұмысында пайда болатын электр өрісін зерттеу және тіркеу әдісі. ЭКГ-пленка жүрек арқыл өтетін электр импульстерін бейнелейді. ЭКГ тыныштық күйде жүрек бұлшық етінің ырғағын, өткізгіштігін қанмен қамтамасыз етілуін бағалайды, сондай-ақ, жүрек камераларының ұлғаюын анықтайды.

• Кеуде қуысының рентгенографиясы – кеуде қуысы ағзаларының өзгерістерін анықтау үшін қолданылатын зерттеу, жүректің өлшемін және жүректің, өкпенің маңайында сұйықтықтың болуын көрстеді.

• Эхокардиография - ультрадыбыстық тест, ол жүректің құрылымын, қызметін және жиырылу белсенділігін көрсетеді.

• Шығарым фракциясыа (ШФ) – бұл жүректің бір жиырылуында тамырларға шығарылатын қанның үлесі. Тест әр жиырылғанда жүректің қанды қаншалықты жақсы айдайтындығын өлшеу үшін қолданылады.

• Күйзеліс-тест –коронарлық арериялар ауруларының ықтималдығын анықтау үшін мөлшерленген дене жүктемесімен сынама.

• Жүректің катетеризациясы – емдік-профилактикалық мақсатта жүрек қуысына және маңайындағы тамырларға қуыс икемді түтікті енгізу. Бұл коронарлық арериялар ауруының жүректің іркілісті жеткіліксіздігінің себебі болуын анықтауға көмектеседі.

Дәрігер науқастың жағдайына байланысты, сондай-ақ, диагностикалық зерттеулердің басқа түрлерін де орындайды.

 

Емдеу

Жүректің созылмалы жеткіліксіздігін емдеудің мақсаты – аурудың әрі қарай даму ықтималдығын төмендету, симптомдарын азайту, науқастардың өмір сапасын жақсарту. Емдеу науқастың жағдайын ұдайы бақылау арқылы өткізіледі.

Емдеу нәтижелері көбінесе, науқастың өзіне және төменде көрсетілген аурудың алдын алу шараларын қадағалауға байланысты.

Жүректің созылмалы жеткіліксіздігінің дәрі-дәрмекпен емдеуіне келесі препараттар кіреді:

  • Ангиотензин-айналдырушы ферменттің (ААФ) тежеушілері бүйректе өндірілетін гормонның әсерін тежейді, осылайша, тамырларды кеңейтіп, артериалдық қысымды азайтады. Бұл топтың препараттары барлық науқастарға ұзақ уақыт бойы қолдануға көрсетілген;
  • Ангиотензин II рецепторының тежеушілері ААФ тежеушілерін көтере алмауда тағайындалады;
  • Салуретиктер – несеп айдайтын препараттар, олар организмде сұйықтық іркілу белгілері болуында қолданылады;
  • Альдостеронның антагонистері – организмнен натрийдің, хлордың және судың шығарылуының артуына, бүйректе несепнәрдің және калийдің шығарылуының тежелуіне апаратын препараттар;
  • Нитраттар – жүректің бұлшық етінің оттегіге қажеттілігін азайтатын, оның жүрекке жеткізілуін арттыратын препараттар; Ұзақ уақыт бойы қолдану стенокардияның қосарлануында ғана орынды.

Жүректің созылмалы жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесінде дәрігерлер хирургиялық араласуды ұсынуы мүмкін. Үш негізгі хирургиялық емдеу тәсілдері:

  • Дәстүрлік кардиохирургия (қақпақшалар жеткіліксіздігін түзету, жүрек қарыншасын хирургиялық түзету, кардиоынталандырғыштар қою);
  • Кардиоимпланттарды орнату – адамның денесіне қосымша қан айналым аппараттарын (жүрек қарыншалары) енгізу операциясы, олар жүректің қызметін ішінара қалпына келтіруге көмектеседі.
  •  Жүректің трансплантациясы (алмастыру).

Жүректің жеткіліксіздігінде кардиостимуляторлар және дефибрилляторлар қолданылуы мүмкін.

 

http://static.medportal.ru/pic/news/2012/02/16/pacemaker/pic001.jpg

Кардиоынталандырғыш – шағын электрондық құрал, батареямен жұмыс істейді, ол тері астына енгізіледі, жүрек ырғағының жиілігін және дұрыстығын реттеуге көмектеседі. Кардиоынталандырғыштың электродтары бар, олар ірі көктамыр арқылы жүрекке келіп, бекітіледі. Электродтар жүрекке электр импульстерін жіберіп, оның соғуына ықпал етеді.

Кардиоынталандырғыш қоланылады:

  • жүрегі тым баяу, тым жылдам, немесе қалыпсыз түрде соғатын адамдарда;
  •  Жүректің екі жағын зақымдаған жүрек жеткіліксіздігі бар адамдарда. Олар бивентрикулярлық кардиоынталандырғыш аталады.

 

Жүректің соғуы әлсірегенде тым ұлғайып, қанды нашар айдайды, жүрек ырғағының өмірге қауіп төндіретін бұзылысының даму қаупі пайда болады. Мұндай жағдайда орнатылатын кардиовертер – дефибриллятор қолданылады, ол ырғақтың өмірге қауіп төндіретін бұзылысын анықтайды және ырғақты қалыпқа келтіру үшін жүрекке электр разрядын тез жібереді. Заманауи бивентрикулярлық кардиоынталандырғыштардың көпшілігі осы құралдар ретінде жұмыс істей алады.

Жүректің қанмен қамтамасыз етілуін жақсартуға бағытталған хирургиялық емдеуге жататындар:

  • Ангиопластика және стент орнату
  • Жүректің тамырларын шунтирлеу.

 

Дәрілік препараттармен немесе арнайы кардиоынталандырғышпен емдеуге келмейтін жүректің ауыр жеткіліксіздігінде жасанды сол қарыншаны орнату қажет болуы мүмкін. Жасанды қарынша жүрекке қанды жүректен барлық организмге айдауға көмектеседі.

Аорта ішілік баллонды сорғыш (насос) алмастыруды күтетін науқастарда жүрек қызметін қолдауға көмектеседі. Сондай-ақ, ол жүрек қызметінің кенеттен және ауыр төмендеуі дамыған адамдарға көмектеседі. Бұл сорғыш (насос) жіңішке баллон түрінде, аяқтағы артерия арқылы орнатылады және жоғары қарай жүректен шығатын аортаға дейін жылжиды.

Жүрек жеткіліксіздігін емдеу, негізінен, өмір салтын өзгерту мен дәрілерді дұрыс қабылдауға негізделгенімен, хирургиялық шаралар мен операциялардың маңызы да зор.

 

Аурудың болжамы

Жалпы, ЖСЖ бар науқастарда аурудың болжамы теріс, бірақ, науқастар көп жыл бойы өмір сүре алады. ЖСЖ бар науқастарда кенеттен болатын өлім-жітімнің қаупі басқаларға қарағанда 3 есе жоғары. Сондықтан, ауруды уақытылы анықтап, сәйкес емдеуді бастау аса маңызды.

 

Мүмкін асқынулары

  • Жүректің камераларының кеңеюі (кардиомиопатия);
  • Жүрек ырғағының бұзылысы;
  • инсульт;
  • тромбоэмболия (қантамырының қан ұйындысымен (тромбымен) жіті бітелуі);
  • кенеттен болатын өлім-жітім.

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

ЖСЖ баяу дамиды, көптеген адамдар оны организмнің қартаюы ретінде санайды. Мұндай жағдайда көпшілік науқастар соңғы сәтке дейін дәрігерге баруды созады. Өзіңізде ЖСЖ симптомдары болса, және бір күнде 1,5 кг салмақ қоссаңыз, немесе аптасына 2,5 кг қоссаңыз, шұғыл дәрігерге көрініңіз.

 

Алдын алу

Асқынудың алдын алу үшін науқас келесі ұсыныстарды қадағалауы тиіс:

  • аурудың белгілерін бақылауды жүргізіңіз.
  • Артериалдық қысымның деңгейінің қалыпты болуын қадағалаңыз.
  • Организмде сұйықтық жиналуын бақылау үшін өзіңіздің салмағыңызды ұдайы тексеріңіз, денеңізде ісіну аумақтары болуын тексеріңіз. Қажет болса, салмақ тастаңыз. Күнделікті өлшену ұсынылады, күнделікті таңертең бірдей киіммен, сондай-ақ, несеп шығарудан кейін, бірақ, тамақ ішердің алдында емес.
  • Су үйлесімін бақылаңыз. Дәрігер күнделікті тұтынатын судың мөлшерін, әжетханаға бару жиілігін қадағалауды ұсынады. Қантамырларында сұйықтық көп болған сайын организмді қанмен қамтамасыз ету үшін жүректің соғуы қиындайды. Сұйықтық ішуді күніне екі литрге дейін азайту жүректің жұмысын жеңілдетуге және жүрек жеткіліксіздігінің кейбір белгілерінің алдын алуға көмектеседі.
  • Тұзды тұтынуды шектеңіз. Тұз біз тұтынатын көптеген өнімдерде болады. Егер тұзды тұтынуды шектесеңіз, организмде сұйықтық азырақ жиналады, ісіну азаяды, тыныс алу жеңілдейді.
  • Дәрігердің нұсқауы бойынша дәрілерді қабылдаңыз. Дәрілер жүрек жұмысында, артериалдық қысымды төмендетуде, организмде сұйықтық жиналуы үрдісінің және аурудың нашарлауының алдын алу үшін қажет. Жүрек жеткіліксіздігіне қарсы көптеген препараттар зиянды гормондардың шығарымын азайту үшін қолданылады.
  • Дәрігерге жиі тексеріліңіз. Дәрігерге бару кезінде ол салауатты өмір салтын жалғастыруыңызды және жағдайыңыздың нашарлмауын қадағалайды. Көбінесе, дәрігер күнделікті өлшену туралы ақпаратты сұрайды, дәрілерді тағайындайды. Маманға барар алдында сұрақтарыңызды жазып алыңыз. Сұрақ қойып, жауап алудан қорықпаңыз. Дәрігерге ұстамалар, дәрі қабылдау туралы хабарлаңыз, мүмкін шектеулер туралы сұраңыз. Басқа саланың дәрігері тағайындаған дәрілерді қабылдауға болатындығы туралы дәрігеріңізден сұраңыз.

 

Жүректі зақымдаудан қорғау үшін келесілер қажет:

  • Темек шегуді қою
  • Салауатты салмақты қолдау
  • Артериалдық қысымды, қандағы холестерин деңгейін бақылау
  • Ұдайы спортпен шұғылдану
  • алкоголь тұтынбау.

 

Келесі медициналық препараттарды қабылдаудан алшақ болыңыз:

  • Нестероидтық қабынуға қарсы препараттар
  • аритмияға қарсы кейбір препараттар
  • кальцийлік каналдарды тежейтін препараттардың көпшілігі
  • тұздың алмастырғыштары секілді тағамдық қоспалар
  • құрамында натрий (тұз) бар антацидтік құралдар
  • ісінуді азайтатын құралдар. 

 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.