.

Гипертиреоз | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Гипертиреоз

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Дәрігерге қашан көріну қажет

Синонимдары

 

Жалпы ақпарат

Гипертиреоз – қалқанша без гормондарының шамадан тыс көп өндірілуімен сипатталатын ауру. Бұл ауруды, сондай-ақ, қалқанша бездің гиперфункциясы деп те атайды.

 

Себептері

Қалқанша без эндокриндік жүйенің маңызды ағзасы. Ол мойынның алдыңғы бетінде, бұғаналардың қосылған жерінен сәл жоғарыда орналасқан. Без организмнің әр жасушасының энергиясын  қолдану үрдісін реттейтін гормондарды өндіреді. Бұл үрдіс метаболизм аталады. 

 

 

 

Қалқанша без – эндокриндік (гормондық) жүйенің бөлігі – организмдегі метаболизмді реттеуде үлкен роль атқарады.  

 

 

 

 

 

Гипертиреоздың пайда болу себебі келесідей:

  • Тағамға құрамында йодтың мөлшері көп өнімдерді тұтыну
  • Грейвс ауруы (гипертиреоздың жиі кездесетін себебі)
  • Қалқанша бездің вирустық инфекцияларда, кейбір дәрілік препараттарды қабылдауда немесе жүктілік кезінде қабынуының пайда болуы (тиреоидит)
  • Қалқанша бездің немесе гипофиздің қатерсіз ісігі
  • Аталық немесе аналық бездердің кейбір ісіктері
  • Қалқанша без гормондарының үлкен мөлшерін қабылдау
  • Йод құрамдас контрасттық заттекті қолданумен көрнекілік анықтау әдістерін жүргізу

 

Симптомдары

Аурудың аса жиі кездесетін симптомдары:

  • Зейінді шоғырландырудағы қиындықтар
  • Шаршау  
  • Ішектің қимылының күшеюі
  • Зоб (қалқанша бездің көрінетін ұлғаюы) немесе қалқанша бездің түйіндері
  • Қолдың дірілі
  • Күннің ыстығын көтере алмау
  • Тәбеттің жоғары болуы
  • Тершеңдік
  • Әйелдерде етеккір айналымының бұзылысы
  • Ашушаңдық
  • Мазасыздық  
  • Ұйқыдағы мәселелер
  • Салмақ жоғалту (кейбір жағдайда салмақтың  артуы болады)

Осы ауру кезінде кездесетін басқа симптомдар:

  • Ерлерде емшек безінің ұлғаюы
  • Терінің жабысқақтығы
  • Диарея (іш өтуі)
  • Шаштың түсуі
  • Жоғары артериалдық қысым
  • Көздің қышуы немесе тітіркенуі
  • Терінің қышуы
  • Әйелдерде етеккір айналымының болмауы немесе бұзылысы
  • Жүрек айнуы немесе құсу
  • Көздің ұясынан дөңестеніп шығып тұруы (экзофтальм)
  • Жүрек соғуының жиілеу немесе жүрек ырғағының бұзылысы 
  • Терінің қызаруы
  • Жамбас пен иықтың бұлшық еттерінің әлсіздігі

 

Диагностика

Дәрігер медициналық тексеруді өткізеді, ол кезде анықталуы мүмкін:

  • Систолиялық артериалдық қысымның артуы
  • Жүрек  ырғағының бұзылысы 
  • Қолдың дірілдеуі
  • Көздің маңайының қабынуы немесе тітіркенуі

Қалқанша  без гормондарының деңгейін зерттеу үшін тағайындалатын қан талдаулары: 

ТТГ, Т3 және Т4.

Сондай-ақ, келесілерді анықтау үшін талдаулар тағайындалады:

  • Холестерин деңгейі
  • Глюкоза
  • Радиоактивті  йодтың жұтылуы

 

Емдеу

Емдеудің бағыты симптомдардың себебі мен ауырлығына байланысты. Гипертиреоз әдетте, келесі бірнеше әдістемелердің көмегімен емделеді:

  • Антитиреоидтық дәрілік препараттар
  • Қалқанша  бездің тінін бұзу және гормондардың артық өндірілуін тоқтату үшін радиоактивтік  йод

·         Қалқанша  безді алып тастау үшін хирургиялық операция

Егер қалқанша без хирургиялық жолмен алынып тасталатын болса, науқас өмір бойы қалқанша бездің препараттармен алмастыру емдеуін қабылдауы тиіс.

Тамырдың соғуының жиілеуі, тершеңдік және мазасыздық сезімі секілді симптомдарды емдеу үшін  бета-тежеу тобының препараттары тағайындалады.

 

Болжамы

Гипертиреоз емдеуге келеді. Кейбір жағдайларда емдеусіз де өтеді.

Грейвс ауруы салдарынан болған гипертиреоз әдетте, біртіндеп күшейеді. Оның көптеген асқынулары бар, олардың кейбірі күрделі және өмірдің сапасына әсер етуі мүмкін.

 

Мүмкін асқынулары 

Криз – инфекцияға немесе күйзеліске байланысты гипертиреоз симптомдарының күрт нашарлауы. Бұл кезде қызба, назар қоюдың төмендеуі және іштің ауырсынуы байқалады. Науқастар ауруханада емделуі тиіс.

Аурудың басқа асқынуына жататындар:

  • Жүрек ырғағының жиілеуі, аритмия немесе жүрек жеткіліксіздігі секілді аурулар 
  • Остеопороз

Хирургиялық араласуға байланысты асқынуға жататындар:

  • Мойындағы тыртық
  • Дауыс байламдарының зақымдануына сай қарлығу
  • Қалқансерік бездердің (қалқанша бездің қасында орналасқан) зақымдануына сай қандағы кальцийдің төмен деңгейі
  • Гипотиреоз (қалқанша бездің гипофункциясы)

 

Дәрігерге қашан көріну қажет

Гипертиреоздың симптомдары болса, дәрігерге көріну қажет. Келесі симптомдар болса, «103» телефоны арқылы шұғыл медициналық жәрдем қызметіне хабарласыңыз:

  • Естің бұзылысы
  • Бас айналуы
  • Жүрек соғуының жиілеуі немесе ұдайы соқпауы

Гипертиреозды емдеуде қалқанша  без гипофункциясының симптомдары пайда болса, дәрігерге көрініңіз:

  • Депрессия
  • Мінез-құлықтық және денелік баяулық
  • Салмақ қосу

Синонимдары

Тиреотоксикоз.

 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000356.htm

Аудармашы: Асель Стамбекова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Сәлім Смайылов, б.ғ.к.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.