.

Лимфома | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Лимфома

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат

 Лимфома – лимфа жүйесінің қатерлі ісік ауруы.

Лимфа жүйесі – ағзалардың, тіндер мен жасушалардың кешені, олардың жұмысы организмді түрлі аурулардан қорғауға бағытталған. Бұл жүйеге айыршабез, көк бауыр, бадамша бездер, лимфа түйіндері кіреді.  Айыршабез балаларда қызмет ете бастайды, 40 жасқа таман өзінің белсенділігін жоғалтады. Лимфа жүйесінде 2 түрлі жасушалар болады: Т және В-лимфоциттері, олар бөгде организмдерді жоюға жауап береді. Олардың шексіз бөлінуінде лимфома пайда болады.

 

 

Көбінесе, лимфомалар лимфа жүйесіндегі немесе ішкі ағзалардағы қаттылау ісіктер, ауырсынбайтын, ұлғайған лимфа түйіндері секілді көрініс береді. Лимфома жасушалары бүкіл организмге өтіп, таралуы мүмкін.

Лимфомалардың ішінде лимфогранулематозды (Ходжкин лимфомасы) бөледі, лимфомалардың басқа түрлері – ходжкиндік емес лимфомалар.

Лимфома төмен (баяу өсетін), орташа және жоғары дәрежелі болады. мысалы, Буркитт лимфомасы – ауыр дәрежелі,  фолликулярлық лимфома – төмен дәрежелі.

ХОДЖКИН ЛИМФОМАСЫ

Ходжкин Лимфомасы, немесе лимфогранулематоз, лимфа түйіндерінде, көк бауырда, бауырда, сүйек кемігінде ісік жасушаларының болуымен сипатталады. Пайда болу себебі белгісіз.

ХОДЖКИНДІК ЕМЕС ЛИМФОМА

Ходжкиндік емес лимфомалардың көпшілігі лимфа түйіндерінде немесе лимфа ағзаларында (көкбауыр, тимус (айыршабез), бадамшабез) пайда болады. лимфа түйіндері мен жасушалары бүкіл организм бойында орналасады, сондықтан, лимфома бауырда, асқазанда, жүйке жүйесінде немесе басқа ішкі ағзаларда дамуы мүмкін.

 

Себептері

Көбінесе, лимфоманың себептері белгісіз. 

 

Симптомдары

Жалпы  симптомдары:

·         Мойын аумағындағы, қолтық астында немесе шаптың аумағында лимфа түйіндерінің ауырсынбайтын ісінуі

·         Қызба (температураның артуы) және қалтырау

·         Түнгі терлеу

·         Салмақ жоғалту

·         Тәбет жоғалту

·         Терінің қышуы

Басқа  симптомдары:

·         Терідегі қызыл дақтар

·         Жүрек айнуы, құсу, іштегі ауырсыну

·         Жөтел немесе ентігу.

Кейбір адамдарда B-симптомдары пайда болады, олар:

·         Түнгі терлеу

·         Салмақты кенет жоғалту, әдетте, дене салмағынан 10%-дан астам

·         Дене температурасының артуы, пайда болып, жойылады, әсіресе, кешкі уақытта

·         Терінің қышуы, әдетте, бөріткенсіз

·         Әдеттен тыс, күшті шаршау.

 

Диагностика

Науқас лимфа түйіндерінің ұлғаюын немесе лимфоманың басқа симптомдарын байқаса, дәрігер толық медициналық тексеру өткізуі тиіс. Оған мойынның, қолтық асты мен шаптың аумағындағы  лимфа түйіндерін қарау жатады. Сондай-ақ, бауыр мен көкбауырдың ұлғаюын тексеру қажет. Дәрігерге жақында болған инфекциялық және басқа аурулар туралы, денсаулық жағдайы туралы айту қажет.

Дәрігер ауруды келесі тексерулерден кейін анықтай алады:

·         Лимфа түйіндерінің биопсиясы – лимфа түйіндерін тесу және тіннің бөліктерін  микроскоппен зерттеу

·         Сүйек кемігінің биопсиясы.

Басқа талдауларға жататындар:

·         Қанның жалпы талдауы

·         Қанның биохимиялық талдауы – ақуыз, несеп қышқылының және басқа зерттеулер, бауыр мен бүйрек қызметін тексеру үшін

·         Кеуде қуысының, іш қуысы мен жамбас қуысының компьютерлік томографиясы

·         Галлиймен сканерлеу (өкпенің немесе лимфа түйіндерінің қабыну ауруларын анықтау үшін)

·         ПЭТ (позитрондық-эмиссиялық томография) сканерлеу – адамның ішкі  ағзаларының зерттеудің радионуклидтік томографиялық әдісі.

Талдаулар лимфоманың болуын анықтаса, қосымша тестілер арқылы оның таралуын білуге болады. бұл үрдіс лимфоманың сатысын анықтау аталады, бұл әрі қарай емдеуді анықтауға көмектеседі.

 

Емдеу

Емдеу келесілерге байланысты:

·         Лимфоманың түріне

·         Лимфоманың сатысына, қашан алған анықталуына

·         Науқастың жасы мен денсаулық жағдайына

·         Симптомдардың болуына, оның ішінде, салмақ жоғалтуға, қызбаға және түнгі терлеуге.

Емдеу түрлері:

·         Химиялық емдеу –емдеудің негізгі түрі. Көбінесе, бірнеше препараттың бірігуі қолданылады. В-жасушалық ходжкиндік емес лимфомада жиі қолданылатын препараттың әрекет етуші заттегі - ритуксимаб (Rituxan).

·         Сәулемен емдеу сәулеленуге қол жетімді лимфомада қолданылады. Радио- иммундық емдеу сирек қолданылады. Бұл ісік жасушаларын жою үшін радиоактивті заттектерді антиденелермен бірге қолдану.

·         Сүйек кемігін алмастыру.

 

Аурудың болжамы

Болжамы әр науқас үшін жеке, лимфоманың түріне және таралуына байланысты.

Бірақ кейбір жалпы жайттар лимфоманың барлық түріне қатысы:

·         Ерте сатыдағы лимфомалар (I немесе II) жазылуға ықтималдығы жоғары, кеш сатысына қарағанда (III немесе IV).

·         Баяу өтетін лимфомалардың көпшілігі көрініс бермейді, сондықтан, көп жылдар бойы емделмейді. Бұл түрлері емге көне бермейді, оларды емдегеннен кейін симптомдары қайта оралады. Қайта емдеу курсы ауруды тоқтатқанымен, симптомдары қайта оралуы мүмкін.

·         Лимфоманың жойқын түрлері кеш сатысында өлім-жітімге апаруы мүмкін болғанымен, олар дұрыс емдеуде емге көнуі мүмкін.

 

Мүмкін асқынулары

·         Аутоиммундық гемолитикалық анемия

·         Иммунитеттің төмендеуі және жұқпаларға бейімділік.

·         Химиялық емдеу препараттарының жанама әсерлері.

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Егер лимфоманың симптомдары анықталса, дәрігерге көрініңіз. Науқаста жоғарыда аталған симптомдар  болса, ол ұдайы дене температурасының құбылуын немесе жұқпаның басқа белгілерін сезінеді, бұл туралы емдеуші дәрігерге дереу хабарлау қажет.

 

Алдын алу

Лимфоманың алдын алу бойынша қазіргі кезеңге дейін әдістер анықталмаған.

 

Sourcehttp://www.nlm.nih.gov/medlineplus/

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.