.

Паркинсон ауруы | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Паркинсон ауруы

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат     

Паркинсон ауруы — мидың жүйкелік жасушаларының біртіндеп тіршілігін жоюымен байланысты ауру, оның салдарынан қимыл үйлесімі және бұлшық еттің ширақтығы бұзылады. Ауруға тән - дірілдеу, жалпы қимылдаудың нашарлығы, орналасу мен қозғалудың қиындауы.

Паркинсон ауруы – баяу түрде ушығатын ауру, қимылдың үйлесіміне, бұлшық еттің ширақтығына, тепе-теңдікке әсер етеді. Көбінесе, қимыл қызметіне, бұлшық ет пен қантамырлардың ширақтығына, тыныс алуға, жүрек қызметіне жауап беретін, мидың ортасында орналасқан, ойлау ағзасы –қара субстанцияның жасушалары бұзылғанда дамиды. 

 

Себептері

Паркинсон ауруына көбінесе, 50 жастан асқан адамдар шалдығады. Әйелдерге қарағанда ерлерде жиі кездеседі. Кейде жас адамдар да шалдығады.

Бұл ауруға бейімділік тұқым қуалауы мүмкін. Көбінесе, Паркинсон ауруы жас шақта пайда болса, тұқым қуалау арқылы берілген.

Паркинсон ауруы дофаминнің (мида импульстер берілісі үшін қызмет ететін заттектер) өндірілуінің бұзылыс салдарынан пайда болатындығы белгілі. Бұл заттектің жетіспеуі мидың адамның қозғалысы үшін жауапты бөліктеріндегі жасушалардың қызметінің бұзылысына апарады.

 

Симптомдары

Аурудың алғашқы симптомдарына әдетте, науқастар мән бермейді.

Аурудың симптомдары:

·      Қол-аяқтың қозғалысының бәсеңдеуі;

·      Мимикалық белсенділіктің (бет бұлшық етінің белсенділігі) жойылуы немесе қиындауы;

·      Бұлшық ет ширақтығының артуы;

·      Телімді дірілдеу, қозғалғанда азаятын немесе толық жойылатын;

·      Орналасудың қиындауы немесе орналасуды бақылаудың жойылуы (жиі құлау, жүрістің өзгеруі, т.б.);

·      бүкірею;

·      сөйлеудегі өзгерістер;

·      қуықтың дисфункциясы (несептің жіті кідіруі немесе ұстамауы);

·      созылмалы депрессия.

 

Басқа  симптомдары:

·      үрейлену, күйзеліс, ширығу

·      ойлардың шатасуы

·      Деменция (ақыл-естен адасу)

·      Естен тану

·      Галлюцинация (жоқ заттар мен дыбыстарды жалған қабылдау)

·      Есте сақтауды жоғалту.

 

Диагностика

Паркинсон ауруын анықтауды дәрігер симптомдарды зерттеу және науқасты тексеру арқылы жүргізеді. Көбінесе, аурудың симптомдарын анықтау қиын, әсіресе, егде жастағы адамдарда. Симптомдар ауру асқынғанда айқын болады.

Науқасты қарағанда дәрігер анықтайды:

·      Қозғалуды бастауда және аяқтауда қиындық

·      Жұлқымалы, нақты емес қозғалу

·      Бұлшық еттің атрофиясы (бұлшық ет тінінің жұқаруы)

·      Буындардың қимылының нашарлауы

·      Дірілдеу

·      Жүрек ырғағының өзгеруі (аритмия)

Паркинсон ауруында рефлекстер қалыпты.

Ұқсас симптомдары бар ауруларды ескеру үшін басқа тестілер қажет болуы мүмкін.

 

Емдеу

Емдеу кезінде жақсы тамақтану, салауатты өмір салты, ұдайы демалу, күйзелістен алшақ болу, психологиялық қолдау қажет. Емдәмді өзгерту қажет, егер науқаста тамақты жұтуда мәселе пайда болса.

Симптомдарды бақылауға сондай-ақ, орташа дене жүктемелері және еңбекпен емдеу ықпал етеді. Дене емдеуінің басты мақсаты – бұлшық ет пен буындарды босаңсыту, бұлшық ет атрофиясын азайту.

Паркинсон ауруынан толық жазылу тәсілі қазіргі кезеңде жоқ. Емдеудің мақсаты- науқаста байқалатын симптомдарды бақылауға алу.

Симптомдар күшейгенде дәрі-дәрмекпен емдеу қажет болады. Дәрінің нақты түрін таңдау науқасқа, аурудың түрі мен көрінісіне байланысты. Паркинсон ауруында қолданылатын препараттардың көпшілігі аурудың кез келген сатысында әрекет етеді, бірақ, аурудың тек белгілі бір сатысында қолданылатын дәрілер де бар. Таңдаудың негізгі ұстанымы – емдеуде аз асқынумен көп пайда келтіру.

Паркинсон ауруына қарсы дәрілік препараттар:

·      Әрекет ететін заттегі – үшциклдік аминоадамантан болатын препараттар, қимылдың қиындауын және акинезияны (ерікті қозғала алмау) азайтады, дірілдеуді де біршама азайтады. Науқастардың шамамен жартысына әсер етеді. Паркинсон ауруының айқын түрінде бұл препараттар басқа дәрілермен бірге қолданылады.

·      Антихолинергиялық құралдар (ацетилхолинді – организмде жүйке-бұлшық ет берілісін жүзеге асыратын заттекті тежейтін дәрілер) дірілдеу мен қимылдаудың қиындауына қатысты жақсы әрекет етеді, бірақ, гипокинезия (қозғалу белсенділігінің төмендеуі) көріністеріне аса әсер етпейді. Дәрілердің үлкен мөлшері күштірек әсер етпейтіндігін есте ұстаған жөн, ал асқынуды арттыруы мүмкін.

·      Әрекет ететін заттегі – дигидроксифенилаланин болатын препараттар көпшілік науқастар үшін Паркинсон ауруынан ең тиімді құрал болып қалуда. Дигидроксифенилаланин организмде дофаминге айналады, оның тапшылығын толықтырады. Препараттың жоғары әсері 2-5 жыл бойы, уақыт өте оның әсері азая бастайды. Бұл препаратпен ұзақ емделгенде еріксіз қимыл немесе аурудың жіті көріністері байқалуы мүмкін. Осыған байланысты кейбір дәрігерлер бұл препаратпен емдеуді кейінге қалдырғанды жөн көреді.

·      Бромокриптин (организмде дофаминның өндірілуін ынталандырғыш) – бұл дәріні Паркинсон ауруының кез келген сатысында қолдануға болады, барлық көріністерін азайтады, жеке және басқа да осы ауруға қарсы дәрілермен бірге қолданылады.

Паркинсон ауруын хирургиялық емдеу дәрі-дәрмекпен емдеудің тиімсіздігінде көрсетіледі. Мидағы операция жасалғанымен, аурудың ушығуы тоқтамауы мүмкін, науқас дәрі ішуін жалғастыруы қажет.

Аурудың хирургиялық емдеу әдістері:

·      Стереотаксикалық таламотомия. Бұл кезде миға арнайы зонд енгізіледі, оның ұшының температурасы өте төмен болады, бұл дірілдеуді шақыратын жасушалардың бұзылысына апарады.

·      Паллидотомия кезінде солғын шарға (мидың бұлшық ет ширақтығын реттейтін бөлігі) ине енгізіліп, оның ішінара бұзылысқа ұшыратады. Бұл операция науқасты күшті қимыл бұзылысынан құтқара алады,  

·      Нейростимуляция. Миды элект тогымен аз инвазивті хирургиялық ынталандыру ауырсыну сезімін және қимыл бұзылысын азайтады.

 

Аурудың болжамы

Емделмеген жағдайда ауру асқынады, мүгедектікке апарады, мидың барлық қызметінің нашарлауына апаруы және ерте өлім-жітімге апаруы мүмкін. Әдетте, симптомдар көпшілік науқастарда дәрі қабылдауда жеңілдейді. Дәрілердің мөлшері мен қабылдау ұзақтығы әр түрлі болады.

 

Мүмкін асқынулары

·      Күнделікті қызметті орындау қиындығы

·      Жұтудың немесе шайнаудың қиындауы

·      Мүгедектік  (әр түрлі көрініс береді)

·      Құлау нәтижесіндегі жарақаттар

·      Сілемейді және тамақтың тыныс алуға түсуінен (аспирациядан) пневмония

·      Дәрілердің жанама әсерлері

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Егер сізде :

·      Қолыңыз дірілдесе

·      Жалпы қимыл қиындаса

·      Жүруде, басқа да қозғалыста мәселе болса

·      Орналасуда бұзылыс болса.

Аурудың бастапқы түрі орын алса да, науқас кәсіптік қарауға және емдеудің жеке курсын алуға мұқтаж, себебі, олай болмаса, күрделі салдары болуы мүмкін.

 

Алдын алу

Паркинсон ауруының дамуына апаруы мүмкін факторларды ескеру қажет. Мысалы, бұл дерттің пайда болуын уытты заттектерді, сондай-ақ, дәрілерді артық тұтыну, мысалы,  нейролептиктерді тұтыну туындатуы мүмкін. Бас сүйек-ми жарақаты да осы ауруға апаруы ықтимал.

Паркинсон ауруының пайда болу қаупін азайтуға белсенді және салауатты өмір салтын ұстану, организмге қолайсыз экологиялық факторлардың әсерін жою, инфекциялық ауруларды уақытылы емдеу, ұдайы ақыл-ой және дене еңбегін қолдау ықпал етеді. 

 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.