.

Сыртқы құлақ инфекциясы («Жүзушінің құлағы») | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Сыртқы құлақ инфекциясы («Жүзушінің құлағы»)

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат

Сыртқы құлақ инфекциясы немесе сыртқы отит — құлақтың сыртқы бөлімінің қабыну ауруы.

Құлақ сыртқы, ортаңғы және ішкі бөлімдерден тұрады. Сыртқы құлақ қалқаннан және сыртқы есту каналынан тұрады.

Сыртқы отит – кең таралған ауру. Ауру әсіресе, жүзушілердің және ұдайы судың әсеріне ұшырайтын адамдардың арасында кең таралған. Ауруға барлық жас топтары ұшырайды, бірақ, балаларда жиі кездеседі.

Сыртқы отит жіті немесе созылмалы болуы мүмкін.

Орналасуына қарай отит диффузды (таралған) және шектелген болады.

Шектелген сыртқы отит шиқан (шаш фоликулының және оны қоршаған тіннің іріңді қабынуы) түрінде пайда болады, ол есту каналының сыртында да (құлақ қалқанында, құлақ түбі терісінде), ішінде де болады. Шектелген сыртқы отиттің жиі себебі – алтын түсті  стафилококк (іріңді-қабыну инфекцияларының қоздырғышы).

Диффузды сыртқы отитте қабыну құлақ қалқанын, бүкіл есту каналын, дыбыс жарғағын қамтиды, құлақ маңындағы теріні де жиі қамтиды.  

Себептері                       

 

Егер сыртқы есту жолының терісіне инфекция (бактериалдық, зеңдік) түсетін болса, сыртқы отит пайда болады. Бұл кезде тері қызарады, есту жолының өзі ісінуден тарылады.

Сыртқы құлақ инфекциясының алғы шарттары:

·         Үшкір затпен шағын жарақаттау (шпилькамен, тіс тазалғышпен);

·         Организмнің ауруларға қарсы тұруының төмендеуі;

·         Сыртқы есту жолына ылғал түсуі, жиналуы;

·         Құлақ құлығы көлемінің азаюы немесе ұлғаюы (құлықтың аздығы дұрыс қорғанысты қамтамасыз етпейді, көптігі – құлақта ылғал мен шаңды ұстайды).

 

Көбінесе, сыртқы отит құлақтың сумен ұдайы жанасуында пайда болады (жүзуде), сондықтан, отиттің бұл түрін кейде «жүзушінің құлағы» деп атайды. 

 

Ауру инфекциялық емес себепті де болады, мысалы, аллергияда немесе экземада (терінің аллергиялық тектес қабыну ауруы), т.б.

 

Сыртқы құлақ инфекциясының созылмалы түрі келесіден туындауы мүмкін:

  • Құлақтағы бөгде затқа аллергиялық серпін (жанасу дерматиті);
  • Созылмалы тері аурулары, мысалы, псориаз (терінің созылмалы ауруы), экзема.

 

Симптомдары

Сыртқы отиттің келесі симптомдары болады:

·         Құлақ қалқанын тартқанда күшті ауырсыну– сыртқы отиттің айрықша белгісі.

·         Құлақтағы немесе құлақ аумағындағы ұдайы ауырсыну.

·         Құлақтағы қышу (есту жолы терісінің зеңді зақымдануында, экземада ).

·         Сыртқы есту жолының ісінуі.

·         Құлақтың бітелу сезімі

·         Естудің нашарлауы.

·         Құлақтан іріңді немесе құлықты бөліністер шығуы.

·         Дене температурасының артуы, қалтырау, жалпы жағдайдың бұзылуы.

 

Диагностика

Құлақта ауырсыну пайда болса, дәрігерге көріну қажет. Дәрігер отоскоптың (сыртқы есту жолын және дыбыс жарғағын арнайы оптикалық аспаппен қарау) көмегімен есту жолын қарайды, және құлақта қабыну үрдісі болуын анықтайды. Сыртқы отитте құлақ аумағы ісініп,қызарады; ал есту жолының ішінде іріңді бөліністер анықталады.

 

Қажеттілік болса, құлақтан бөліндіге бактериологиялық зерттеу өткізіледі, бұл аурудың қоздырғышын анықтауға және дұрыс емдеу тағайындауға көмектеседі.

Емдеу

Сыртқы отитті емдеуді сыртқы есту жолын тазалаудан бастау қажет,  саңылауды іріңнен, құлықтан, терінің қабыршақтанған бөліктерінен тазарту қажет.

Сыртқы отитте келесі препараттар тобы қолданылады:

·         Антибактериалдық құлақ тамшылары;

·         Гормоналдық құлақ тамшылары (ісінуді басу үшін).

Есту жолының күшті ісінуі кезінде оған дәке тығыны енгізіледі, бұл дәріні қабыну тұсында ұстауды қамтамасыз етеді.

 

Инфекция таралуының ауыр жағдайларында, әсіресе, иммунитеті (организмнің инфекцияларға қарсы тұруы) төмендеген науқастарда антибактериалдық құралдар ішу немесе егу арқылы қолданылады.

Қажет болса, анальгетиктер (ауырсынуға қарсы препараттар), қызуды түсіретін, сыртқы отит аллергиялық тектес болса, аллергияға қарсы препараттар тағайындалады.

Сыртқы есту жолында шиқан пайда болса (шектелген отитте), дәрігер оны ашып, жаруы тиіс.

 

Аурудың  болжамы

Дұрыс емдегенде, сыртқы құлақ инфекциясы толығымен жазылады.

 

Мүмкін асқынулары

·         Естудің нашарлауы. Емдегеннен кейін есту толығымен қалпына келеді.

·         Егде жастағы адамдарда және диабетке шалдыққан науқастарда қатерлі сыртқы отит аталатын түрі дамуы мүмкін, бұл кезде инфекция шеміршек тінге және сүйек тіндеріне таралуы мүмкін.

·         Инфекцияның құлақпен көршілес аумаққа, бассүйекті қоса, таралуы.

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Дәрігерге көрініңіз, егер:

  • Сыртқы отиттің симптомдары пайда болса.
  • Құлақтан сұйықтық аға бастауы байқалса.
  • Симптомдар нашарласа, басталған емдеуге қарамастан.
  • Жаңа симптомдар пайда болса, жоғары температура, құлақтың артындағы ауырсыну және қызару.

 

Алдын алу

  • Алдымен, құлақты дұрыс және ұдайы тазалау қажет. Әдетте, жиналған құлықты есту жолына кірер тұсында тазалаған жеткілікті.
  • Құлақты тазалауға үшкір заттарды қолдануға болмайды.

  • Құлықпен бітелісті және бөгде заттектерді есту жолынан өз бетінше алған дұрыс емес, оны дәрігерге тапсырған жөн.
  • Жуынғанда немесе шомылғанда құлаққа су кіруінен сақтану қажет, әсіресе, ашық суда.

 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры:http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000622.htm

Материалды дайындағандар: НазеркеИскакова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі;  ДауренЗиябеков, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі.

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Шыңғыс Жұмағұлов, zdrav.kz порталының контент-менеджері.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.